БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ НАСИХАТТАЛЫП, СПОРТТЫҚ НЫСАНДАР САЛЫНУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2-қыркүйек күні жолдаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын дәстүрлі Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту қажеттігіне тоқталған болатын. Президент «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым» дей келіп бұқаралық спортты ең шалғай елдімекендерге дейін жеткізіп, халықтың үштен бірінің күнделікті өмірде денешынықтыру, бұқаралық спортты серік еткен салауатты өмір иелеріне айналуы үшін барлық жағдайларды жасау керектігін шегелеп айтқан болатын.
Бұқаралық спортты насихаттау мен халық арасында оған қызығушылықты арттыру мақсатында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Облыстың әрбір қала, ауданы мен елдімекендеріне дейін балалар мен ересектердің айналысуы үшін спорттық алаңшалар мен спорттық ғимараттар көптеп салынуда. Сонымен бірге сол алаңшалар мен спорттық залдарда тұрғындардың көбірек сопртпен айналысуын қамтамасыз ету бағытында да әкімдіктер тарапынан жұмыстар жасалынуда. Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен аудандағы барлық деңгейдегі мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері арнайы «Спорт күнін» белгіледі.
Өз кезегінде мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта отырып таныс арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мен еңбекке деген талпыныстарын, қимыл-қозғалыс арқылы өмірге деген құлшыныстарын арттыру мақсатындағы спорттық шараларға аптасына 2 күн жұмыстан кейінгі 3 сағат уақыт арналып отыр.
Бүгінде аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл жеке инвесторлар мен бюджет есебінен салынуы жоспарланған 13 спорт нысанының 3-уі пайдалануға берілсе, 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.