ТАҒЫ БІР ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
97

Еліміздің болашағы жастарымызды мектеп қабырғасынан бастап сапалы білім саналы тәрбиемен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Білім беру саласына инновациялық жобаларды, цифрландыру, робототехника, жасанды интеллект сияқты қазіргі заманның ең алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктерін енгізу арқылы қазақстандағы білім беру жүйесін дамыған елдердің деңгейіне көтеру мақсатында жасалынып жатқан іс-шаралар ауқымы кең. Бұл ғылым жетістіктері мен озық технологияларды еліміздің барлық аймақтарында енгізу жоспарланып, оның алғашқы кезеңдері жүзеге асырылуда. Мемлекеттік «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы да білім беру ғимараттары мен пәндік кабинеттерді заман талабына сай барлық жағдайы жасалған етіп жасақтауға арналып қабылданды.

Түркістан облысында білім беру саласының деңгейін көтеру мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды, жобалар мен облыс әкімінің тапсырмаларын іс жүзіне асыру бағытында қыруар жұмыстар атқарылуда. Мектеп оқушыларының саны ең көп облыс ретінде Түркістан облысында 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған, оның 29-ы биыл пайдалануға беріледі.

Жалпы облыс аумағындағы барлық мектептерде де тиісті жөндеу, қосымша ғимарат қосу, жаңғырту жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асырылып, жаңа мектеп ғимараттарын салып пайдалануға беру арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектептер мен ескірген апатты мектеп ғимараттарын алмастыру, мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары да жалғасуда.

Конституция күні және жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оқу жылына орай өңірде 4 жаңа білім ұясы ашылады. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде Сабыр Рақымов атындағы 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарымен кездесті.

— Тұрғындармен өткен кездесуде осы мектеп мәселесі көтерілген болатын. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Жаңа білім ошағынан ел үшін еңбек ететін білімді жастарымыз шыға берсін. Өйткені, мемлекеттің дамуы ең алдымен азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан, кез-келген ел әлеуметтік салаға назар аударады. Мемлекетіміздің басшысының басты талаптарының бірі де осы. Сіздер жақсы білесіздер, бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Бұл жұмыстар тоқтамайды, — деді аймақ басшысы.

Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңы орналасқан.

Білім саласында үнемделген 19,4 млрд теңге қаржыға 20 мектеп салынып, 300-ден астам білім ошақтары жөнделуде. Мұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған. 13 мектептің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.

Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі. Облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Өңірде 530 000 оқушы бар. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны – 52 593. Аймақтың білім саласында 85 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады. Оқушыларды тасымалдауға жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісімшарт негізде жүргізілуде.