ЫНТАЛЫ ТОП ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

0
59

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен талап, экономикалық өсім, өоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында еліміздің энергетикалық жағдайы мен болашағы туралы талдай келіп, Атом электр станциясын салудың қажеттілігін атап айтып, референдумның мерзімін белгіледі.

Қазақстанда атом станциясын салуды қолдап, жалпыұлттық референдум өткізудің маңызын түсіндіру мақсатында барлық өңірлерде ынталы топтар құрылуда. Түркістан облысында да ондай топтар құрылып, жұмыс жүргізуде. Ордабасы аудандық «Жастар сарай» ғимаратында АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдумды өткізуді түсіндіру мақсатында зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым төрағалары мен ауданның «Құрметті азаматтары», жалпы білім беретін мектептердің физика және биология пәнінің тәжірибелі ұстаздарынан құрылған ынталы топ аудан жастарымен кездесті.

Кездесуге жастармен қатар, еріктілер де қатысты. Топ мүшелері АЭС салудың артықшылықтары мен тиімділігі туралы баяндалды. Баяндама барысында дамыған елдердің АЭС салу тәжірибелері, елдің экономикалық әл-ауқатының артуы мен ғылымның дамуы жайында айтылды. Жастар тарапынан АЭС ке қатысты қойылған сұрақтарға білікті ұстаздар дәйекті жауап беріп, референдумда өз таңдауларын дұрыс жасау ұсынылды.

Жалпы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұр. Ал өз шешімін қабылдаған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақын арада бірінші атом электр стансасының құрылысын бастамақшы. Мамандар зерттеуінше бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бағамдасақ, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады.

Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді қашаннан бері айтып әлек. Жасыратын несі бар, қалай айтсақ та қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына халықтың көзі жеткендей. Елдің энергетикалық дамуын арттыру жолында Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізу жобасы қарастырылып, 2022 ;жылы мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы АЭС салуға лайықты орын деп таңдап алынды.

«Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құ­ты­лып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергия­мен қамту деңгейі артады деп есептейміз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек», дейді «Ақсұңқар секьюрити» ЖШС басшысы Бақытжан Бекмағанбетов.

«Балхаш-Энерго-1» ЖШС директоры Тохтархан Әлиевтің сөзінше, АЭС құрылы­сы Қазақ­станның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмек­те­седі.

«Атом энергиясын экспорттаудың арқасын­да экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Меніңше, халықтың мүддесіне сай АЭС жобасын қолға алып жатқан мамандарды қолдау да, қорғау да қажет. Ол – өте қиын да жауапты іс. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энер­гиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда», дейді.

Оның айтуынша, АЭС пайдасына тағы бір дәлел – елге бедел сыйлауы. Атом элек­тр стансалары бар мемлекеттер соның ішінде әсіресе, уран өндіру және ядролық отын өн­дірісі бар елдер тек көмір немесе газ энер­гиясына негізделген елдерге қарағанда әлде­қай­да дамыған деп есептеледі. Әлемде эко­но­микасына АЭС пайда әкеліп отырған елдер аз емес.