ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАР ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРМЕН ТАНЫСТЫ

0
80

Қазақ халқының қонақжайлылығы мен дархандығы жайлы өткен ғасырлардағы еліміз аумағында болған саяхатшылар әлденеше мәрте атап айтып, ризашылықпен жазып кеткен. Соңғы ғасырларда қазақ халқы неше түрлі ауыр сындардан өтіп, зұлматтарды басынан өткерсе де қонақжайлылығын сақтап қалған. Оның Түркістан облысының Төлеби ауданы аумағына оқу-жаттығуға жиналған бірнеше шет елдердің өкілдеріне төлебиліктер көрсеткен сый-сияпаттан да аңғаруға болады.
Төлеби ауданында «Шексіз бауырластық –ІІІ» арнайы оқу – жаттығуы өтуде. «Орда» таулы оқу-жаттығу полигонына Әзербайжан, Қазақстан, Катар, Пәкістан, Түркия және Өзбекстан елдерінен өкілдер жиналды. Арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің көпұлтты оқу-жаттығуына келген қатысушыларды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев, аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров «Төлеби» саябағында күтіп алып, қазақ халқының дәстүрімен, ауданның көркем табиғатымен таныстырды.
Саябақ аумағында қонақтар үшін арнайы киіз үй тігіліп, қылқалам шеберлерінің туындысынан көрме ұйымдастырылды. «Данагүл» ақ әжелер хор ұжымы «Төлеби сазы» фольклорлы тобының сүйемелдеуімен әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Палуандар қазақ күресінің үлгісін, аударыспақ ойынының тәсілін, асық ату ойындарын көрсетті. Бұған қоса, шетелден келген қонақтар алтыбақан теуіп, атқа мініп, садақ ату тәсілін сұрастырып, балалармен бірге асық атып ойнады.
Қазақ халқының қонақжайлылық үлгісін көрсеткен аудан жұртшылығына қонақтар ризашылығын білдіріп, естеліккке суретке түсті.
Айта кетерлігі, еліміздің аумағында алты мемлекеттің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қатысуымен осындай ауқымда оқу-жаттығу алғаш рет өткізіліп отыр. Оған Иордания мен Қырғызстан Қарулы күштерінің өкілдері жаттығуға бақылаушы ретінде шақырылды.
Оқу-жаттығу тәжірибе алмасуға, басқару органдары мен әскери контингенттердің жедел үйлесімді іс-қимылға көшу деңгейін арттыруға, бөлімшелер жеке құрамының дербес және топтық білімін күшейтуге бағытталған.