ЖЫЛҒАДА СПОРТ ЖӘНЕ WORKOUT АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

0
74

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде. Түркістан облысында балалар алаңшалары мен шағын спорттық алаңшаларды салуға ерекше мән берілуде. Қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес балалар алаңшалары, спорттық алаңдар барлық елдімекендерде де салынуда. Өйткені, мемлекеттік саясат бойынша жас ұрпақты жастайынан денешынықтырумен айналысуға қалаған спорт түрлерімен айналысып, бұқаралық спортқа бейімделуіне мүмкіндіктер жасау арқылы еліміздің ертеңгі азаматтарын дені сау етіп өсіру басты мақсат.
Осы бағытта Сарыағаш ауданы Жылға ауылдық округі, Шеңгелді елді мекенінде заманауи спорт және Workout алаңшасы бой көтерді. Аталған спорт алаңшасына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, ашылу салтанатына қатысты.
— Бұл мемлекетіміздің ел келешегін, ұрпақ болашағын қамдастырып отырған салиқалы саясатының жарқын көрінісі. Тәуелсіз Отанымыздың тұғырлы, ғұмырлы болуы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Білімді, ойлы, ақылды, спортты сүйетін, жаны таза, денсаулығы мықты жас ұрпақ қалыптастырсақ, ойымыздың орындалғаны, мақсат-мүддеміздің жүзеге асқаны деп білеміз. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған алаңша спортты сүйетін қалың жұртшылықтың, әсіресе, жастардың қымбатты ордасына айналсын! Жастайынан денесі шымыр болып өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Ал дені сау ұрпақ – мемлекет келешегі. Келешекте республикамыздың намысын қорғайтын Азия, Әлем, Олимпиада чемпиондары шықсын! – деді аудан басшысы.
Айта кетсек, аталған спорт алаңшасы аудандық бюджет есебінен салынды. Жалпы ауданы 0,30 гектарды құрайтын спорт алаңшасында кіші футбол алаңы, автотұрақ, сонымен қатар Workout-пен (жаттығу алаңшасымен) жабдықталып, балаларға арналған ойын әткеншектері орнатылған. Мұнда жақын маңда тұратын балалар волейбол, футболдан сайысып, қосымша спорт түрлерімен де айналыса алады.