РЕФЕРЕНДУМНЫҢ БАРШАМЫЗ ҮШІН МАҢЫЗЫ ЗОР

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі –энергиялық тапшылықты шешу мақсатында өткізілгелі жатқан жалпыұлттық референдумды жұртшылыққа түсіндіру бойынша ынталы топтар мен қоғамдық штаб мүшелері іске кірісіп те кетті.
Түлкібас аудандық қоғамдық штаб мүшелері аудандық «Агро» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай атом электр станциясын салуға байланысты 6-қазан күні өтетін Референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. «Қарапайым тілмен айтқанда, үйімізде немесе жұмыс орнымызда бірнеше сағатқа жарық өшіп қалса, қандай қолайсыз күйге тап боламыз. Бүкіл тіршілігіміз электр энергиясымен байланысты болғандықтан, әбігерге түсіп, қайта жанғанша байып таппаймыз. Бұл қолайсыздықты тұрмыста да, мекемеде де сезініп, тіршілігіміз едәуір тоқырайды. Әсіресе, қыстың күндері қиын-ақ. Ал, мұндай мәселе еліміздегі энергия тапшылығынан келіп туындайтыны анық. Энергия жетіспеушілігі жылдан жылға артпаса төмендеуі екіталай. Міне, елімізде атом электр станциясын салу бойынша 6-қазанда өтетін референдумның баршамыз үшін маңызы зор. Мамандарымыз АЭС салынған жағдайда энергия тапшылығы шешіліп ғана қоймай, экономикалық – әлеуметтік дамуға мүмкіндік ашылып, халықтың әл-ауқатының жақсара түсетінін болжап отыр. Сонымен бірге, атом электр станцияларын салу және пайдалану озық технологиялар үдерісіне, инновацияға, ІТ шешімдерді енгізуге жол ашады. Бәсекелестікке қабілетті ел ретінде танылып, бизнес сферасы дамиды» деді аудандық қоғамдық штабтың төрағасы Е.Жүнісов.
— Атом электр станцияларын салудың заманауи ұсынылып отырған технологиялары халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес келеді және олардың басқа елдерде қолданылатын шешімдерден қаншалықты артықшылығы бар? — деген сұраққа ғалымдар былай жауап береді.
— Әлемдік тәжірибе мен МАГАТЭ ұсынымдарына сүйене отырып, қазақстандық тарап әйгілі француздық Аssystem инжирингтік компаниясы бекіткен технологияларды бағалаудың өзіндік жүйесін әзірледі. 13 жоба зерттелді, 4 буын, ІІІ+ реакторлары таңдалды. Жабдықтаушылар немесе технология жеткізушілері Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франциядан келген 4 компания болып табылады. Бұл мемлекеттерде маңызды ядролық энергетикалық мүмкіндіктері бар, олардың қауіпсіздігі уақытпен сыналған. АҚШ-пен бірге олар әлемдегі ең ірі бас реактор операторларының қатарына кіреді.
Жалпы, бүгінгі кездесуден көп мағлұматтар алып, сұрақтарына жауап тапқан «Агро» БПҰ мүшелері үгіт-насихат жұмыстарының пайдалы болғандыған жеткізді.
