ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ШӘУІЛДІР АУЫЛЫНДАҒЫ ЛИЦЕЙДЕ БОЛДЫ

0
73

Қазақстан Республикасының Вице-премьері Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Президент Жолдауында айтылған әлеуметтік бастамалардың орындалу жолдарын зерделеп, Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруға қажетті жағдайлардың жасалғанын атап өтті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім саласын жақсарту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Облыс аумағында білім саласындағы атқарылып жатқан және алда атқарылуы жоспарланған жұмыстармен танысқан соң Вице-премьер аудандарды аралап кейбір оқу орындарының жұмысын көзімен көріп, жағдайымен танысты.
Сапар барысында Тамара Дүйсенова Отырар ауданында болып, Шәуілдір ауылындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының жұмысымен танысты.
Мұнда «Жұмысшы мамандықтар» көрмесі ұйымдастырылып, облыс көлеміндегі 12 колледжде өндірілетін өнімдер көрсетілді. Оның ішінде балық өнімдері, ветеринарлық техника, роботтар және металл өңдеу өнімдері бар.
Сапар аясында облыста білім сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтіп, мәжілісті облыс әкімі Дархан Сатыбалды жүргізіп отырды.
Кеңеске мектеп директорлары мен колледж басшылары қатысты. Өңірде Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мектептермен кешенді жұмыс жүргізілуде. Халықаралық және ішкі зерттеулер нәтижелері бойынша білім беру нысандары 3 санатқа бөлінді. Әр санат үшін KPI анықталды. Түркістан облысында 280-ден астам мектеп «Мақсатты мектептер» ретінде белгіленді. Олар министрлік жанындағы институттармен байланыста болып, әдістемелік көмек алады. Бұл мектептердің мұғалімдерін үш деңгейлі оқыту қарастырылған.
Президент өз Жолдауында техникалық және кәсіби білім беру саласын трансформациялау міндетін қойды. Кеңесте осы бағытта қабылданатын шаралар туралы айтылды. Мысалы, жан басына қаржыландыру нормативі қайта қаралып, базалық және ынталандырушы бөлікке бөлінеді. Халықаралық стандарттарды енгізген және түлектерін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына жұмысқа орналастырған колледждер жоғары қаржылай қолдау ала алады. Мұндай оқу орындарының мысалы ретінде Талдықорған қаласындағы Политехникалық колледжін атауға болады. Ол білім ұясы NCCER стандарттарын енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайын.
«Баланы балабақшадан бастап, колледжге дейін жан-жақты дамыту керек. Бұл – біздің негізгі міндетіміз. Балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы бағдарламаларды синхрондау, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру, оқу барысында салалық стандарттарды енгізу және басқа да шаралар балалардың тұлғасын дамытуға бағытталған. Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек», деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
Түркістан облысының білім беру саласында жас ұрпақты мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленуін бастағаннан бастап жан-жақты дамытуды қарастырады. Бүлдіршіндердің қоршаған ортаны жас деңгейіне қарай танып-білуіне, еңбек пен кәсіп туралы түсініктері қалыптасуына мүмкіндік беретін әдістер мен тәрбиелік методикалар қолданылады. Мектептің жоғарғы сыныптарына жеткенда оқушыларды бейімі бар мамандықтарға бейімдеп, таңдаған кәсібін тереңірек танып-білуі үшін мүмкіндіктер жасалады. Осылайша жасөспірімдердің айналасындағы ортаны, қоғамды, ондағы үлкен өмірді бірітндеп тануы қалыптасады.