ЖҰМЫС ҚАРҚЫНЫН БӘСЕҢДЕТПЕЙ МЕРЗІМІНДЕ БІТІРУДІ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысында қысқы жылыту маусымына дайындық жаздың басынан басталып бүгінде бірқатары аяқталып та үлгеріп қалды. Жылу орталықтары мен жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына сақадай сай болуы үшін жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға сай іске асырылуда. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылытуға табиғи газ тартылып, олардың әзірлігі, сұйық немесе қатты отынмен жылытатын нысандар мен жеке үйлерге қажетті мөлшердегі отын көлемін тасымалдау сияқты жұмыстар да бүгінде қызу жүргізілуде. Соның ішінде былтырғы жылғы қысқы маусымда сыр берген облыстағы ең көне жылыту орталықтарының бірі саналатын Кентау қаласындағы Жылу электр орталығының қазандықтарын биылғы жылыту маусымына әзірлеу жұмыстары облыс басшылығының қатаң бақылауына алынған.
Жақында ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы «Кентау Сервис» МКК №5 Жылу электр орталығындағы тозығы жеткен қазандықтарды қайта құру жұмыстарын кезекті рет тексеріп, жұмыс барысын қадағалады. Мамандармен, мердігер компания өкілдерімен, инженерлермен пікір алмасты. Жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.
– Бұл стратегиялық нысанның құрылысы өте маңызды. Жоспарланған қазандықтарды ауыстыру жұмыстарын уақтылы аяқтап, жылыту маусымына дайын болу керек. Біздің тарапымыздан толық қолдау көрсетілуде. Мәселелер болса, айтыңыздар. Жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, жоспарға сай аяқтау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Қазіргі уақытта орталықтағы негізгі жабдықтың тозуы 85%-дан асады. Оның ішінде, 1952-1955 жылдары іске қосылған №7,8 бу қазандықтарына соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілді. 1958 жылы №9,10 бу қазандары іске қосылып, соңғы күрделі жөндеу 1990 жылы жүргізілді. №11,12 бу қазандары 1958 жылы іске қосылып, соңғы күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілді. Талап бойынша мұндай жұмыстар 5 жыл сайын жүргізілуі тиіс.
Осы жылғы жылыту маусымында станция тұрақты режимде 4 қазандықпен жұмыс істеді. Қазандықтардың тозығы жеткендіктен, жылу беру маусымында қазандықтар бірнеше рет сөндіріліп, жылудың сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Кентау қаласының №5 Жылу Энергетикалық Орталығын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, №8, 11 қазандықтар 30 тамызда аяқталды, №9,10 қазандықтар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. №5 қазандықты жөндеу бюджет есебінен, №6 қазандықты жөндеу демеушілер есебінен іске асырылуда. Жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуы қатаң бақылауға алынған. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі тетігі арқылы 240 МВт жаңа газотурбиналық электр станциясының құрылысы жобасын іске асыру үшін үшжақты келісімге қол қойылып, Жол картасы бекітілді.
Айта кетейік, Кентау қаласының жылу электр орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылды. Қала бойынша жылу тұтынушы 3255 нысан бар болса, жалпы абоненттер саны –16 мыңға жуық.