АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

0
51

Мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында әлемде инвестиция тартуға деген талас орын алып отырғанда елімізде инвесторларға барлық жайлы жағдайды жасап олардың осында қаржысымен келіп, өндірістер салып, азаматтарымызды жұмыспен қамтуына жағдай жасалуы тиістігін айтты. Ішкі және сыртқы инвестиция өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін беретіні белгілі сондықтан да облыста инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Инвесторлардың аймаққа атбасын бұрып, қаржы салуы үшін қолайлы жағдай, дайын инфрақұрылымдары бар аймақтардың болуы маңызды рөл атқарады. Сол себепті Түркістан облысында тек облыс орталығы ғана емес қала, аудандардан да өндірістік-экономикалық арнаулы аймақтар жасақталуда. Ал облыс орталығының жанынан «Түран» арнайы экномикалық аймағы құрылуда.

Түркістан өңірінде жаңа зауыттар ашу, кәсіпорындар салу жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл ретте инвесторлар мен кәсіпкерлерге арнайы инфрақұрылыммен қамтылған аймақтар қажет. Сондықтан Түркістан қаласы маңында «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аймаққа барып, жай-күйімен танысты.

– «Turan» арнайы экономикалық аймағына үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан инфрақұрылыммен қамту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы аймақта су қорын молайтуды қолға алыңыздар. Көгалдандыру да назардан тыс қалмауы тиіс. Аталған аймақта орналасатын жобаларды қазірден іріктеп, инвесторлармен, кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берді.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100%-ға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Жолды толық 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына рельстер орнатылды.

Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70%-ға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандарыдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыс әкімі мен Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының тұрақты қадағалауында.

«Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.