ТҮРКІСТАНҒА СЕГІЗ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕЛШІЛЕРІ МЕН ДИПЛОМАТТАРЫ КЕЛДІ

0
58

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да еліміздің экономикасын қарқынды дамыту үшін, өңірлердің экономикалық құатын арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамту үшін ішкі және сыртқы инвестициялық жобаларды тарту қажеттігін айтты. Ол үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Арнаулы өндірістік және экономикалық аймақтар жасақталып, сапалы инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп инвесторлардың өндірістік орындар салып, өнім өндіруіне мүмкіндіктер жасалынуға тиісті.

Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін тапсырған болатын. Осы бағытта биыл Түркістан облысында жүйелі жұмыс жүруде. Қазіргі таңда жылдың алғашқы 8 айының қорытындысымен өңірге тартылған инвестициялар көлемі 596,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,6%-ға өсті.

Инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында, 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,5 трлн. теңге. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

2024 жылы жалпы құны 142,4 млрд. теңгені құрайтын 2 233 жаңа жұмыс орнын ашумен 59 инвестцииялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде жалпы құны 76 млрд. теңгеге 866 жұмыс орны құрылып, 25 инвестициялық жоба іске қосылып үлгерді.

Бұдан өзге Жалпыұлттық пул аясында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 1,5 трлн. теңгеге 8 114 жұмыс орнын ашатын 23 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылып, Ұлттық цифрлық платформаға енгізілді.

Түркістанға сегіз мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілері мен дипломаттары келді. Мәртебелі меймандармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар етті. Түркістанның тарихымен, даму жоспарымен таныстырып, өңірге түрлі сала бойынша инвестиция тартуға шақырды.

Дипломатиялық корпустың 8 шет мемлекеттің елшілері мен дипломаттары: Палестина, Алжир, Солтүстік Македония, Кувейт, Ирак мемлекеттерімен Әзірбайжан республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері, Қазақстандағы Ауғанстан Ислам Әмірлігінің істерінде сенім өкілі, Қазақстандағы Катар мемлекетінің Елшілігінің хатшысы Түркістан төрінде бас қосты.

Аталған елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, кездесу барысында әр түрлі салаларда ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктері, инвестиция тарту, тәжірибе алмасу және өзара қарым-қатынасты дамыту жайлы келіссөздер жүргізілді.

Шетелдік қонақтар өңірдегі Арнайы экономикалық және Индустриалды аймақтардың жұмыстарымен танысты. Облыс орталығындағы киелі жерлерге зиярат етіп, Түркістанның рухани және туристік орындарын аралап, тарихымызбен танысты. Сондай-ақ өңірдегі «Саутс-Ойл» компаниясының жобаларының іске асыру барысын талқылады.