ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ

0
62

Тұтас мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін, елдің барлық өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттырып, әр аудан, қалада мемлекеттік тапсырмалар мен облыстық әкімдіктің алға қойған міндеттерінің орындалуы қамтамасыз етілуге тиісті. Сол себепті де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске қосуды тапсырған болатын. Бүгінде бұл жоба аясындағы міндеттер мен тапсырмаларды орындау үшін әкімдіктерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы да қолдау жасалынуда. Ал, Түркістан облысы тарапынан қала, аудандар басшыларының өздеріне жүктелген жоспарларын толық орындауды қамтамасыз етуді қадағалау қолға алынған. Сондықтан да жергілікті әкімдер өздерінің жоспарлы тапсырмаларын орындауды іске асыру мақсатында тынбастан жұмыс атқаруда.
Жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс аптасын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков аппараттық мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалуын тексерумен бастады.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков жетекшілік ететін салалары бойынша атқарылған жұмыс есебін баяндады. Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне, Сәулет және қала құрылысы бөліміне жүктелген тапсырмалар талданып, бақылаудан алуға негіздеме ұсынылды.
Бүгінгі күні қала аумағында 41,7 шқ құрайтын 40 көшеге асфальт төселіп бітті. Жыл соңына дейін 36,8 шқ 30 көшені асфальттау жоспарлануда.
Мәдениет сарайының құрылысы тұрақты қадағалануда. Қазіргі таңда нысанда жұмыс қарқыны күшейтілді. Мердігер жұмысшы санын арттырып, құрылысқа 4 техника жұмылдыруда. Ғимаратта ішкі және сыртқы әрлеу және ауласын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов өз кезегінде 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторы декомпозициясының орындалуы мен ықтимал қауіптерге тоқталды.
Түйінді нысаналы индикаторлардың жылдық жоспары бойынша облыс орталығына 35 тапсырма бекітілген. Бизнесті қолдау және туризм бөлімі тамыз айында өзіне жүктелген 3 индикаторды асыра орындап, жыл көрсеткішін мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.
Жұмыспен қамту саласында «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары мен әлеуметтік жұмыс орындарына қатысты жоспарларды орындау үшін тірлікті тиянақтау қажеттігі ескертілді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау барысында жергілікті белсенді азаматтардың пікірін тыңдау маңызды екенін атап өтті. Шауғар мен Бірлік тұрғын алабтарындағы демалыс аймақтарының құрылысын мерзімінен кешіктірмей аяқтау үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Мәжіліс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта түзіліп бекітілді. Орындау мерзімдері белгіленіп, жауаптылар нақтыланды.