ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Мемлекетімізде отбасылық құндылықтарды сақтап, жас ұрпаққа отбасынан бастап саналы тәрбие беру мен олардың қауіпсіз қоғамда еркін өсуін қамтамасыз ету мәселесі маңызды мәселелер қатарында тұр. Президенттің биылғы Жолдауында да отбасылық құндылықтарды сақтау мен жетілдіре түсу, ана мен бала қауіпсіздігі мен зорлық-зомбылықпен күрес туралы айтылды. «Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды» деген Мемлекет басшысы бұл келеңсіздікке қарсы құқық қорғау органдары ғана емес жергілікті билік пен халық, қоғам болып қарсы тұру қажеттігін айтты.
Арыс аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы А.Мырзахметова мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы А. Үсен жоғарғы сынып оқушылары арасында «Тәрбие тал бесіктен басталады» тақырыбында түсіндіру сабағын өткізді.
Іс-шара барысында балаларға отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және олардың заңды құқықтары бойынша түсіндірілді. Полицейлер оқушыларға мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.
Айта кету керек, әр мектепке ювеналды полиция инспекторлары бекітілген, олар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оқушылар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында оқу орындарында күн сайын кезекшілік етеді.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері оқушыларды тәртіпті болуға, жақсы оқуға, уақытты тиімді пайдалануға шақырды. Ұстаздар қауымы қонақтарға балаларды құқықтық ақпараттандырғаны үшін алғыстарын білдірді.
Елімізде отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет ең маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда Арыс аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы А.Мырзахметова мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы А.Үсен студенттермен де кездесу өткізді.
Кездесу барысында студенттерге «Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заң бұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, полицейлер студенттердің жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.
Сондай-ақ, Кентау қалалық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, «Зорлық- зомбылыққа жол жоқ», «Бала тәрбиесі — баршаның ісі», «Электрондық темекінің (вейп) зияны» және «Менің отбасым – сыйластық орнаған ортам» атты тақырыптарда тренингтер, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізілді.
Аталған шараларға ата-аналар, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының қатысты. Сонымен қатар халық көп шоғырланатын орындарда брошюралар таратылып, түсіндірме жұмыстар жүргізілді.
Кентау қалалық полиция бөлімінің «Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Майра Сарсенбайкызы Құттыбаеваның қатысуымен өткізілген бұл шараларда қоғамда белең алып отырған зорлық-зобылықтың, буллинг, кибербуллинг және ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған ақпараттар беріліп, жадынамалық парақшалар таратылды.