ЖИНАЛЫС СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛДЫ

Республикамызда қоғамның басты дертіне айналып келе жатқан сыбайлас жемқорлық пен парақорлық сияқты келеңсіздіктерге қарсы күрес, олардың алдын алып, болдырмау жолдарын қарастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Түркістан облысында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен оның алдын алу шаралары жасалынуда. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік әдебін қалыптастыру, сыбайластықтың алдын алу, оның заң бойынша қатаң жазаланатын қылмыс түрі екенін жұртшылыққа түсіндіру бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау бағытында жиналыс болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары мен есепшілері қатысты.
Аудан әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Мақсат Бегалы күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше аудан әкімінің өкімімен 2024 жылдың 5 сәуір – 21 мамыр аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілген. Аталған талдау нәтижесінің төмен болуына орай, үстіміздегі жылдың 11 қыркүйек пен 1 қазан аралығында қайта талдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Жиынды қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін атқара отырып, заң талаптарының орындалуын қатаң қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет алушыларға сапалы қызмет көрсетуді жақсарту бойынша да бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Бахытжан Полатов аудан әкімі аппаратының және дербес бөлім басшыларымен кездесіп, Әдеп кодексінің талаптарын кеңінен түсіндіріп өтті.
Әрбір мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынаста дұрыстық танытуға, дөрекілік, ар-намысты қорлау, әдепсіздік және дұрыс емес мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге, өз іс-әрекеттерімен және мінез-құлықтарымен өз тарапынан сын тудырмау керектегін баса жеткізді. Сонымен қатар, іскерлік этикет пен қызметтік мінез-құлық ережелерін сақтауға, азаматтардың алдында өздері өкілдері болып табылатын мемлекеттік органдардың қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырды.
Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі рөлі, мемлекеттік қызметшілердің ұстанымдары мен қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылу қажеттігін айтты. Сонымен бірге, қызметшілердің мемлекеттік саясатты ұстануына, қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану қағидаттарына, жүріс-тұрыс ережелеріне тоқталып өтті.