СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту үшін бірнеше бағдарламалар мен жобаларды іске қосты. Соның арқасында бүгінде ауылды жерлердің тұрғындары арасында жұмыспен қамтылу мен жеке кәсіптерін ашып бизнесін дамыту бағытындағы талпыныстар артып келеді. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып, жұмсалатын шығын көлемін азайтып, алынатын өнім көлемін бірнеше есеге арттыру мүмкіндіктері туып отыр. Ол үшін ауыл шаруашылығында еңбек етушілер озық технологияларды меңгеріп, су үнемдеу технологиясын енізіп, дақылдардың өнімпаз сұрыптарын әкеліп егуді игерулері керек. Сонда шағын алқапта, суды үнемдей отырып, екі-үш есеге дейін мол өнім жинап алуға болады. Бұл мәселені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды назарында ұстап, су үнемдеу құралдарын шығаратын кәсіпорындардың ашылуына да мұрындық болуда.
Облыстың аудандарында да су үнемдеу технологиясына деген қызығушылық артып, тамшылата суғару, себелей суғару сияқты тиімді әдістер енгізіле бастады. Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Ақтөбе ауыл округіне барып, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарымен танысты.
Алдымен елді мекендегі «Мұрат» шаруа қожалығының жүгері алқабында болып, шаруашылық төрағасымен кездесті. Кәсіпкер Мұрат Нұрғали тамшылатып суғару технологиясының көмегімен 300 гектар жерге жүгері дақылын еккен. Су үнемдеу арқылы өнімділікті арттыруды мақсат еткен шаруа «Valley» компаниясымен коммерциялық ұсыныс жасасып, қажетті құрал жабдықтарын сатып алған. Сондай-ақ су жинайтын бассейн салып, тамшылатып суғару әдісі арқылы жүгеріден мол өнім алып отыр. Қуаттылығы 2400 тоннаны құрайтын шаруақожалықта 10 адам жұмыс істейді.
Аралау барысында аудан басшысы: «Ауданда су үнемдеу технологиясын пайдаланып көруге ниет білдірген шаруалардың қатары артып келеді. Бүгін біз бұл жобаның тиімділігіне тағы да көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Біздің мақсат суды үнемдеу арқылы су тапшылығының алдын алу және өнімділікті арттыру», — деді.
Кездесуде кәсіпкер су үнемдеу технологиясын қолданудың тиімділігін айтып, егістік көлемін ұлғайту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.
Биыл Отырар ауданында 35 мың гектар жерге егін егілген. Соның ішінде 826 гектары тамшылатып суғару әдісі, 354 гектары жаңбырлатып суғару әдісі, жалпы 1180 гектар жерге су үнемдеу технологиясы пайдаланылған.
Сондай-ақ, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліс отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде аудан көлеміндегі кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, «Аманат» партиясының «Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының (Жол картасы)» орындалуы және өзге де өзекті мәселелер қаралып, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы талқыланды.
Жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Есінбек пен аудандық экономика бөлімінің басшысы А.Көлбай баяндаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Нәлібай мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Әшір және аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаевтар хабарлама жасады.
Аудан әкімі аудандағы «Жайлы мектеп» пен көпқабатты тұрғын үйлердің және мектептерді жөндеу жұмыстарының құрылысын сапалы жүргізу, жылыту маусымына дайындық (көмір тасымалдау) жұмыстарын жеделдету, ауыл округтері бойынша тұрғын үйлердің газға қосылуын ұйымдастыру, жер қайтару жұмыстарын заң аясында жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру шарасының белсенділігін арттыру бойынша сенбілік жұмыстарын жандандырып, барлық коммуналдық мекемелердің жұмысы жоспарлы және тиянақты жүруін міндеттеді.
Мәжіліс соңында аудан басшысы баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді.