«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНДА ҮЗДІК ОТБАСЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

0
70

Мемлекеттің болашағы түптеп келгенде әр отбасыға да байланысты. Өйткені халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпайды. Мемлекеттің азаматтарының өмірі жайлы да жақсы, әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі жоғары болса, ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы да жоғары деңгейде деген сөз. Сонымен қатар , әр шаңырақта отбасылық құндылықтар сақталып, адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарға негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жас ұрпақ бойына отбасынан бастап сіңірілетін болса ол ұрпақ рухы биік, отаншыл болып өседі. Дені сау, жан-жақты дамыған ұрпақ – мемлекеттің болашағын жарқын етеді.
Сондықтан да, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында мемлекеттік отбасылық саясатты, құндылықтарды сақтау мен жүргізу бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Үлгілі отбасыларды еліміз бойынша басқаларға өнеге етуге арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аталған конкурс аудандық, облыстық және республикалық болып үш деңгей бойынша өткізіледі. Сондай-ақ жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні ретінде аталып өтуде. Осы ретте, А. Жұбанов атындағы балалар саз мектебінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық деңгейіне қатысып, үздік деп танылған отбасыларды марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсімінде Созақ ауданы әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды мерейлі отбасыларды құттықтап, ізгі тілегін арнады. Мерейлі отбасыларға аудан әкімінің арнайы алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Созақ аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұхаммедали Иманбеков өз кезегінде бүгінгі қоғамдағы отбасының құндылығына тоқталды. Салтанатты шара «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, шара әсем әнмен өрнектелді.
Шара аясында «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық конкурсының аудандық деңгейінің үздіктері: Уәлихан Өтенұлы Шоңғараевтың отбасы – Таукент кенті, Темірәлі Боқашовтың отбасы – Созақ ауылдық округі, Қайрат Төлегенұлы Момбековтің отбасы – Сызған ауылдық округі марапатталып, құрметтелді.
Ал Түркістанда облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ерекше жандарға арналған “Шексіз мүмкіндік” атты облыстық өнер фестивалі болып өтті.
Ерекше дарын иелеріне қолдау көрсетуге, олардың шеберліктерін шыңдауға, ұлттық рухта тәрбиелеуге, өмірге деген кұштарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқау ән жанры, қылқалам және қолөнер жанрлары бойынша өтті.
Шараға ауданнан ән жанры бойынша Қарақұл Жұлдыз, қолөнер жанры бойынша Мадалиева Томирис және қылқалам жанры бойынша Қыдырбай Алуа қатысты. Өз өнерлері мен туындыларын көпшіліктің назарына ұсынып, шараға жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.
Жас өрендерге арнайы алғыс хат пен түрлі сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді.