ШАҒЫН СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы әрбір аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамытуға қол жеткізу болып табылады. Ал, өңірлердің қуаты артуы үшін тек өндірістік және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бизнестердің көрсеткіштері ғана орындалуы жеткіліксіз. Соларды орындаушы тұрғындардың да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, өмір сүруінің қолайлылығы артуы қажет. Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды салу мен сапасын көтеру, табиғи газ, электр жарығы, таза ауызсу, көшелердің асфальттану мен үйдің жылуы сияқты ең қажетті нәрселері жеткілікті болса елдімекендердегі тұрғындардың өмірі жайлы да қолайлы болады. Әлеуметтік мемлекет ретінде елімізде осы бағыттағы жұмыстарға көңіл бөлінуде.
Төлеби ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында журналистер алдымен Қаратөбе ауылдық округіндегі шағын су электр станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жеке инвестор «Тау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарапынан салынып жатқан станцияның қуаттылығы сағатына 3,2 МВТ құрайды. Бұдан бөлек, журналистер Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде салынып жатқан «Жасыл қуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын су электр станциясына барды. Станцияның қуаттылығы сағатына — 2 МВТ. Аталған нысандар 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.
Аудан аумағында аталған қос шағын электр қуатын таратушы станциялар пайдалануға берілгенде жаңа жұмыс орындары ашылумен бірге электр қуаты жеткілікті әрі қолжетімді бағада болып, тұрғындардың жағдайының жақсаруына ықпал етеді.
Инвестициялық жобалар жүзеге асқан жағдайда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы «Оңтүстік Жарық» мекемесі ұсынып отырған тарифтен төмен болмақ. Сондай-ақ, екі станцияда 10 бірліктен жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Төлеби ауданы Қаратөбе ауылдық округі Қостөбе елді мекенінің тұрғындары қос қуанышымен бөлісті. Балдыберек өзені арқылы көпір құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары өзеннің тасуы кезінде біршама қиындықтарға тап болған. Халықтың сұранысымен көпірдің құрылыс жұмыстары басталып, биыл ел игілігіне тапсырылып отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме — «ABC Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Екінші бір тағы қостөбеліктерге қуаныш сыйлаған оқиға — жаңа мектеп. Қостөбе жалпы орта мектебінің ғимараты толық жаңартылды. Білім ошағының құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың ақпан айынан бастап мердігер мекеме «Радуга-СН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Көрсетілген мерзімде ғимарат толық күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде 150 орынға шақталған мектептің есік-терезелері, жылу құбыры, едені және шатырына дейін толық жаңартылған.