ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР РЕФЕРЕНДУМДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА

0
82

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 636 Жарлығына сай, бүгін еліміздің барлық өңірлерінде референдум өтіп жатыр. Қазығұрт ауданы аумағындағы жалпы 61 сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7:00-ден мемлекеттік Әнұранмен бастап, аудан тұрғындары өз таңдауын жасау үшін өздеріне бекітілген учаскелерге келуде. Сайлау учаскелеріне ең алғашқылардың бірі болып келген тұрғындарға арнайы сыйлықтар табыс етілуде.

Қазығұрт аудандық «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының мүшелері, ауданның ақ жаулықты әжелері бүгінгі референдумда белсенділік танытуда. Атаулы ұйым мүшелері барша ауыл округтерде сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасауда. Соның бірі «Әжелер алқасы» ұйымының мүшесі, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» — Бекмұратова Қатира.

Қазығұрт аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазығүрт, Төлеби аудандарының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Омаров Аманбай Жанұзақұлы атаулы референдумда өз таңдауын жасау үшін алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесіне барды. Өз құқықтарын пайдалана отырып, ел болашағына алаңдайтын азамат ретінде маңызды таңдауын жасады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 7 үйді жаудан босатып, фашистердің оқ жаудырып тұрған 23 ұясын жойып, 60-тан астам гитлершілді, 20-дай автоматшыны өлтіріп, бірнеше жау танкісін істен шығарған, ақыр соңында қаһармандықпен қаза тауып Кеңес Одағының Батыры атанған Қарақозы Әбдәлиевтің шөбересі Бақыт Нұрдәулет Нұрланұлы Қазығұрт ауданына арнайы келіп, референдумда өз дауысын берді.

Бұл жалпыхалықтық референдумға өзге этнос өкілдері де белсене қатысуда.

Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауыл округінің тұрғындары мен «Өзбек этно-мәдени» орталығының мүшелері де белсене қатысуда. Этнос өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, таңертеңнен сайлау учаскесіне арнайы барып ел болашағы үшін маңызды таңдауларын жасады.

Сайлаушылардың көңіл-күйін көтеру, референдумдағы белсенділігін арттыру арқылы елдің болашағы үшін маңызды науқанның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі акциялар ұйымдастырылды. Соның бірі, «Отбасымызбен дауыс береміз» акциясы. Атаулы акция барысында бірінші болып барша отбасы мүшелерімен келіп, референдумда дауыс берген Қызылқиялық отбасыға арнайы сыйлықтар берілді.

Көкпар ұлттық спортын дәріптеп жүрген қазығұрттық шабандоздар бүгінгі жалпыхалықтық референдумға арнайы қатысып, өздерінің таңдауларын жасады. Көкпаршы жігіттер елімізде өтіп жатқан саяси науқанға бір кісідей қатысып қайтпақ ниетте атқа қонған. Саптама етік киіп, тобылғы қамшы ұстаған олар өз таңдауларын жасады.

Таң атқаннан референдумда өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскесіне қазығұрттықтар белсенді жиналуда. Қазығұрт аудандық Мәдениет сарайының бір топ өнерпаздары да өз белсенділіктерін көрсетіп, елімізде өтіп жатқан референдумға дауыс берді. Сондай-ақ, сайлау учаскесінің сыртында әсем ән шырқап көптеп келіп жатқан сайлаушылардың көңілін көтеріп, патриоттық рух сыйлады.