ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БОЙЫНША БІР АПТАДА ОТЫЗДАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ

0
96

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп сенбіліктердің күнделікті дағдымызға айналып, айналаны тазалау емес былғамауды дағдыға айналдырып, экомәдениетімізді қалыптастырудың қажеттігін тағы да айтты.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты түрде жалғасып келеді. Аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінде арнайы талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды қоғамдық сананы өзгертпей, бұл түйткілді тарқату қиын екенін жеткізді.
– Тұрғындарды тазалық сақтауға шақырып түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керек. Қоғамның экологияға деген жанашырлығы, өз туған жерінің тазалығына деген жауапкершілігі артса ғана бұл бағдарлама жемісін береді. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан салынған нысандарға, саябақтарға зиянын тигізіп, рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастайтындар бар. Біз қалай болғанда да бұл бағдарламаны жалғастырамыз және аймағымызды абаттандыру, тазалығын сақтау жұмыстарын күшейте береміз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жыл соңына дейін 800-ден аса сенбілік өткізу көзделгенін, қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 498 ауқымды сенбілік өткізілгенін мәлімдеді. Өткен аптаның ішінде 13 ауданның 27 елді мекенінде сенбіліктер өткізіліп, нәтижесінде 2 мыңнан аса тұрғын қатысып, 24 техника жұмылдырылып, 71,7 тонна қоқыс шығарылды. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілді.
Оған қоса, телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда, 473 өтініш түскен. Оның ішінде 453 өтініш орындалған. Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 23 434 мыңнан астам хаттама толтырылып 249,5 млн. теңгеге айыппұл салынды. Бағдарлама басталғалы бері ескертулер мен салынған айыппұлдар саны 16 мынан астам хаттамаға артқан немесе 4 есеге ұлғайған.
Өңірде абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 11 004 жеке тұрғын үй мен 6147 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 1143 ескерту беріліп, 620 айыппұл салынды. Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан, қала әкімдіктері жауапты басқармамен бірлесіп, күзде ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция өткізуді жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, облыс аумағында жалпы 500 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген. Бұл акция өңірлерді көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда көшеттерді отырғызу орындарын анықтау, дайындау жұмыстары жүргізілуде.