«ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
75

Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде дін мен мемлекетті бөлек санайды. Дегенмен, бір елде, бір қоғамда өмір сүріп жатқан қазақстандықтарды мүлде бөлектеу мүмкін емес. Оның үстіне дәстүрлі діни ағымдар мемлекеттің ісіне, заңына қайшы тірілік жасамай, өз бетінше өмір сүрсе, егемендіктен кейін әлемнің әр түкпірінен теріс бағыттағы діни қауымдастықтар елімізге ентелей еніп, бүгінде кейде конституциялық құқықтарға, ұлттық дәстүрлерге күмінді көзқарас қалыптастыруға әрекет ете бастады. Мұндай елбұзар теріс діни ұйымдардың әрекетіне қарсы шығып, оларды әшкерелей отырып, халқымыздың дәстүрлі ислам дінін қазақы дәстүрлермен байланыстыра насихаттау жұмыстары қолға алынуда. Түркістан облысының аумағында да жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар, дәстүрлі діни ұйым өкілдері, зиялы қауым өкілдері бірлесіп көптеген басқосулар ұйымдастырып дін мен дәстүр арқылы отбасылық, қлттық құндылықтарды нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сондай шаралардың бірі «Ислам және отбасы» деген тақырыппен жастардың тәрбиесінен бастап, отбасылық құндылықтар, отбасындағы әкенің рөлі, имандылық, үлкенге құрмет, дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану және дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу, кереағар ағымдар туралы ақпарат беріп, түсіндіру мақсатын ұстанады.
Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы» жобасы аясында Төлеби ауданының тұрғындарымен рухани кездесу өтті. Кездесуге республикаға танымал теолог, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры М.Халықов, айтыскер ақын, тележүргізуші, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты “Дінтану” магистрі, теолог Сырым Ауезхан, танымал айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, жауынгерлік Самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, джиу-джитсудан әлем кубогының, Азияның екі дүркін чемпионы, кезінде «Аlash pride» құрамында өнер көрсетіп, аралас жекпе-жек өнеріндегі керемет шеберлігінің нәтижесінде ММА алаңдарында талайларды тамсандырып, таңқалдырған бірегей спортшы Арман Оспанов арнайы келді.
Сонымен қатар, іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар кеңесі, аудан тұрғындары, мектеп ұстаздары және жастар қатысты.
Кездесу барысында арнайы келген қонақтар жиынға қатысушыларға ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, қасиетті Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өмірінде кездескен әр түрлі жағдайларын мысал ете отырып, жастарымызға ұлағатты насихат жеткізді. Көрермендер өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Іс-шара соңында ауданға келген қонақтарға арнайы сый-сияпат көрсетілді.
Сол сияқты Төлеби ауданында қасиетті Мәуліт мерекесі тойланды. Рухани келісім күніне орай, «Ислам және отбасы» тақырыбында аудандық Мәдениет үйінде кездесумен басталып, мерекелік жиын Millennium дәмханасында жалғасын тапты. Басқосуда Пайғамбарымыз Мұхаммедке салауат айтылды.
Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады.
«Адамзаттың ардағы қос дүние сардары» тақырыбындағы жиында барша мұсылман қауымын аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров құттықтап, ауданның руханиятының өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға «Алғыс хат» табыс етті. Облыс наиб имамы Өсімхан Тілеуов Пайғамбардың өмір жолынан уағыз айтып, барша мұсылман қауымын мерекемен құттықтап, «Алғыс хатпен» марапаттады. Аудан аумағында қызмет ететін имамдарға Біркөлік шипажайына, аудан жастарын спортқа баулып жүрген әлем чемпионы Мәди Набиевке Умра қажылығына жолдама берілді.
Мерекелік жиынға арнайы келген айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан, «Күміс домбыра» иесі Аян Ниязбек, белгілі спортшы Арман Оспанов қатысып, елге ой саларлық термелер орындады. Жиналған қауым ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.