ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына орай, 2024 жылдың екінші жартыжылдығына бекітілген кесте аудан әкімінің кездесуі Бірінші Мамыр ауылдық округінде өтті. Жарлыққа сәйкес әкімдер тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп, олардың мәселелерін тыңдап, ол мәселелерді заң аясында шешуге жұмыс жасаулары қажет. Келесі кездесуде жұртшылықтың айтқан тілегінің орындалуы жайында ақпарат беруге тиіс.
Жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатындағы кездесуде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев 2024 жылы 8 айдың көрсеткіші бойынша ауданның әлеуметтік- экономикалық даму бағытын баяндап, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді айтты.
Тұрғындармен кездесуге аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Бірінші Мамыр ауылдық округі Ынтымақ елді мекеніндегі 150 орындық орта мектебінің құрылысын бастауға 10 млн теңге қаржы қарастырылды. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр елді мекені Таубай ата, Наурызым көшелері, Зағамбар елді мекені Сазды және Аль-Фараби көшелері және Жанажол елді мекені Жігер көшелерін орташа жөндеуден өтуде. Бірінші Мамыр елді мекені М.Әуезов көшесіне электр желісін жүргізу және трансформатор орнатылды.
Еркін, сұрақ – жауап форматындағы кездесудің басым бөлігі халықты толғандырған әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарын талқылауға арналды. Округ халқы ауыз су, мазаратқа арнайы жер бөлу, Ынтымақ елді мекеніндегі көшеге түнгі жарық орнату, жолға асфальт төсеу, Бірінші Мамыр елді мекенін электр жарығы мен ауыз сумен қамту мәселелерін көтерді. Бірінші Мамыр елді мекеніндегі жаңа массивтегі жер телімдерін кезекте тұрғандарға бөлу, Қожабек көшесіне ауыз су жеткізу, электр бағаналарын орнату, Алғабас елді мекеніне жол төсеу, жол кедергілерін орнату мәселелерін сөз етті.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар ете отырып, проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді.
Кездесуден кейін округ халқын толғандырған сұрақтарға жауап беру бағытында жеке қабылдау өткізді.