«ТҮРКІСТАН-АНТИТЕРРОР-2024» ЖЕДЕЛ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

0
53

Әлемдегі геосаяси ахуал өте шиеленісті. Таяу Шығыста Израиль палестиналықтармен бітіспес жанжалды соғысын жалғастырып жатыр. Бұрынғы одақтас көрші мемлекеттердің арасында қарулы қақтығыс соғыс өртіне ұластып, бітер түрі көрінбейді. Ауғанстандағы талибандардың да тұрақты саясаты жоқ, кез келген күні ол елде де шиеленіс пайда болуы ықтимал. Міне, осындай геосаяси ахуалда Қазақстан қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шараларды жасауы керек, қандай бір сынға да дайын болуы қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.
Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс» деп кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын болуды тапсырды.
Түркістан облысында тиісті жауапты мекемелер тұрғындардың, елдің тыныштығына қауіп төнсе оның жолын кесіп, қауіпсіздікті сақтап қалу бойынша жоспарлы түрде жұмыстарын жасап, жаттығуларын өткізіп, сақадай сай тұруға тырысуда.
Облыстың «Ақтас» далалық-оқу орталығында терроризмге қарсы күрес жөніндегі Түркістан облыстық жедел штабымен «Түркістан-Антитеррор-2024» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Өткізілген оқу-жаттығу жиындарының мақсаты – әскери резервті жинақтап, мамандардың білімін жетілдіру, әскери міндеттілердің далалық білімін және олардың іс-қимылдарының үйлесімділігін арттыру.
Маңызды әскери жаттығуға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен өңірдің құзырлы орган басшылары қатысты. Іс-шараның барысында ескерту жүйелерін жетілдіру, штабтың лаңкестік сипаттағы қауіптерге жауап беруге дайындығы, лаңкестік салдарын барынша азайту мен жою мәселелері пысықталды. Жедел топтар қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды, шартты түрде сотталған лаңкестермен келіссөздер ұйымдастыру, сондай-ақ кепілге алынғандарды босату бойынша және лаңкестерді залалсыздандыру операциясын жүргізуде.