«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

0
121

Қазақстан Республикасында мемлекеттің болашағы жарқын болып, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін жас ұрпақты заманауи озық әдістермен оқыту, білім ордаларының заман талабына сай жайлы да ыңғайлы, пәндік кабинеттерінің озық құрал-жабдықтармен жабдықталуы, ескі және үш ауысымды мектептердің орнына жаңа мектеп ғимараттарын салу, сол сияқты білікті педагогтармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуда. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы іске қосылып, көптеген жаңа нормативтерге жауап бере алатын, барлық жағынан да заман талабына сай мектептер салу қолға алынуда. Түркістан облысында да «Жайлы мектептер» салынып, бар білім ордалары қайта жаңғыртылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауданға қарасты Дербісек және Жаскешу елді мекендерінде салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарының мән-жайымен танысты.

Алдымен аудан әкімі Дербісек ауылдық округі Дербісек елді мекенінде орналасқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.

Дербісек елді мекеніндегі 900 орындық мектеп ғимаратына ішкі әрлеу, сантехникалық жүйені орнату және электр сымдарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, нысанның шатырын жабу жұмыстары басталып, кіреберіс бөлігіндегі тепшектері құйылуда. Жалпы құрылыс жұмыстарына 200-ден астам адам жұмылдырылған.

Келесі кезекте аудан әкімі Қызылжар ауылдық округі, Жаскешу елді мекеніндегі 900 орындық «Жайлы мектептің » құрылыс жұмыстарының барысын саралады.

Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, шатырын жабу жұмыстары басталып, сыртқы қоршауларына бетон құю, сыртқы жер бедерін тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның сыртқы кәріз және жылу жүйесін орнату жұмыстары атқарылуда. Жалпы нысанда 132 құрылысшы құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Атқарылған құрылыс жұмыстарын бақылаған аудан басшысы жұмыс қарқынын күшейте отырып, мерзіміне сәйкес аяқтау қажет екендігін ескертті, сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Е. Қосмұратовқа бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне жұмыс сапары барысында №39 Айбергенов, №69 шағын жинақты бастауыш мектебінің, №77 жалпы орта білім беретін мектебінің және №19 А.Оразбаева орта мектептерінде жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексерді.

Қазіргі таңда, №19 А.Оразбаева атындағы орта мектеп ғимаратында ішкі сырлау, еден орнату және мектеп ауласына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, №39 Айбергенов атындағы орта мектеп ғимаратында ішкі қабырғаларын әрлеу, сырлау, есіктерін және жылыту жүйесін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. №69 шағын жинақты бастауыш мектебін қатты отыннан көгілдір отынға ауыстыру, қосу жұмыстары, №77 жалпы орта білім беретін мектебінде техникалық жинақтағыш құжаттарын жинау жұмыстары атқарылуда.

Келесі кезекте, аудан әкімі Дарбаза ауылдық округіне арнайы барып, №70 С.Байғозиев мектебіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын саралады.

Аталған мектепте асфальт төсеу, ішкі жылыту жүйесін және модульді әжетхана орнату жоспарлануда.

Аудан басшысы жөндеу жұмыстарын бақылап, аудандық білім бөліміне және мердігер мекемеге балалар білім алатын ғимараттағы жөндеу жұмыстары барысында тек қана сапалы материалдарды пайдалануды және мерзімді аяқтауды тапсырды.