ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ КӨРМЕСІНЕ БАРДЫ
Қазақстан Республикасында азаматтардың жұмыссыздығын азайтып, жұмыспен қамтудың деңгейін көтеру және ниет еткендердің жеке кәсібін ашып бастау арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік жасау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы, қазақстандық азаматтарды жұмыспен қамту, жұмыссыздықпен күресті күшейту бойынша мемлекеттік бірнеше бағдарлама бар. Сол сияқты жастарды жұмыспен қамтуға арналған да бірнеше жобалар жұмыс істеп жатыр. Осыларға қосымша қайтарымсыз мемлекеттік грант беру және субсидия төлеу арқылы да жұмыспен қамту шаралары қолға алынуда. Мемлекеттік грант алу үшін жұмыссыз азамат өзінің бизнес жоспарын жасап, оны комиссияда қорғап шықса оған тиісті мөлшерде қайтарымсыз грант қаржысы беріледі. Сол қаржыға өзінің жеке кәсібін бастап, немесе ауқымын кеңейтіп, өнім өндіру көлемін арттыруға, көрсететін қызметінің сапасын көтеруге мүмкіндік алады.
Түркістан облысының барлық қалалары мен аудандарында билығы жылы екі лек бойынша мемлекеттік грант берілді. Шардара ауданында да осы екі лек бойынша ондаған азаматтар грант алып өздерінің жеке істерін жүргізуде.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Мансап орталығына барып, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында бизнес идеяларды іске асыру мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, жұмысын бастағандардың көрмесіне қатысты.
Аудан әкімі әрбір кәсіп иесінің жасаған тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек пен тағам түрлерімен жеке-жеке танысып, оны жасаушылармен тілдесті. Көрмедегі ерекше көзге түскен шұжық өнімі, сабын, қауынқақ және қолөнер бұйымдарын қарап, алдағы уақыттағы дамыту жолдарын сөз етті.
Арман Романұлы көрмедегі кәсіпкерлерге аудан тарапынан бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан әкімі қаладағы грант ұтып алған наубайхана мен заманауи терезе, есік жасаумен айналысатын кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысып, жалпы атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 81 азаматқа беру жоспарланып, маусым, тамыз айларында өткізілген 2 лек комиссия отырысының қорытындысымен 81 азамат оң қорытынды алды. Салыстырмалы түрде 2023 жылдың осы кезеңінде 3 лек қорытындысымен 78 азаматқа қайтарымсыз грант берілген болатын.