МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҮРКІСТАНҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

0
51

Қазақстан Республикасының Президенті «Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек» деп шетелден инвестиция тартуға сыртқы істер ведомствосының да үлес қосуының қажеттігін айтқан болатын. Өйткені зымырандай зымырап, қарқынмен дамып бара жатқан мына әлемде халықаралық деңгейде инвестиция тартуға талас болып жатыр десек те болады. Сондықтан да, елімізге инвестиция тарту жұмысына мүмкіндігінше көп министрліктердің үлес қосуы келетін инвестиция көлемін арттырып мемлекетіміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге септік етері анық.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында ол облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.

Әлібек Қуантыров облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Түркістан облысы халқының негізі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі орасан. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймадағы 9 камерада маусымына 4000 тоннаға дейін көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылған.

Одан соң министр орынбасарына еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы таныстырылды. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді.

«Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы. Кәсіпорында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы жасап, шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек.