НЕСІБЕСІН ЖЕРДЕН ТЕРГЕН ӨҢІР ДИХАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0
60

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді негізгі азық түлік өнімімен қамтамасыз етудегі Үкіметтің алдына қойған тапсырмасы бойынша. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы, Түркістан облысының 2021-2025 ж.ж. арналған даму бағдарламасы және еңбек өнімділігін арттыру бағытында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2017 жылмен салыстырғанда кемінде 2,5 есеге арттыру жөнінде міндеттер жүктеліп, өңірлерге тапсырма беріліп, жұмыстар жүргізілуде.

Төлеби аудандық Мәдениет үйінде «Алтын күз — 2024» мерекелік жиыны өтті. Салтанатты шарада ауданымыздың агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы жолында атқарған ерен еңбегіне орай сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Облыстық «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлер күні» кәсіби мерекесіне орай, «AGROFEST TURKISTAN-2024» іс-шарасында Төлеби ауданы мақсары өндіруден озат аудан номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар, Облыстық озат астық өндіруші номининациясына «Қазығұрт» өндірістік кооперативі марапатталды.

Төлеби ауданында ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 9 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 38,3 млрд теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 103,7 пайызды құрады. Негізгі капиталға 3 млрд 743,8 млн.тг инвестиция, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталына 2 млрд 59,0 млн. тг инвестиция тартылды.

Ауданда 2024 жылдың (үй іргелік жерді қоса есептегенде) өніміне егілген егіс көлемі – 65636 гектарды құрады. 22302 гектар астық дақылдарының түсімділігі 28 центнерден айналып, 60199 тонна өнім жиналды.

Оның ішінде: 14957 гектар бидайдан 42543 тонна, 7240 гектар арпадан 17656 тонна, 5 гектар жүгеріден 6,5 тонна, 100 гектар ноқаттан 252 тонна өнім жиналды.

Сонымен қатар 10841 гектар майлы дақылдан 14959 тонна өнім жиналды. Аудан шаруалары 10796 гектар аумаққа мақсары егіп, 14924 тонна, 45 гектар күнбағыстан 36 тонна өнім жинады. 456 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіліп, 64 бірлікке ауыл шаруашылық техникалары жаңаланды.

Ауданда шағын мал бордақылау алаңдары мен құс фермасы, жанұялық сүт өндіру фермасы ашылды. Мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды ірі қара мен қой басы ұлғайып межелер толығымен орындалды.

Аудан аумағында балық шаруашылығымен 18 кәсіпкер айналысады, оның ішінде (2 бірлік су қоймада) 5 шаруашылық ағымдағы жылы ашылды.

Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев жыл көлемінде өз несібесін жерден терген, қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына қомақты үлес қосып келе жатқан шаруаларды құттықтап, «Алғыс хат», бағалы сыйлық табыс етті.

Мерекелік шарада техникалар көрмесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартуда озат ауылдық округ әкімдері аудан әкімінің дипломымен марапатталды.

Сондай-ақ, Отырар аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Шәуілдір ауылындағы орталық алаңда өткен «Алтын күз — 2024» шарасына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, аудан шаруаларын мерекемен құттықтады. Аудан басшысы құттықтау сөзінде биылғы жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болғандығын, жыл басында 35560 га жерге түрен салынып, 9500 га алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылдары егілгендігін, жалпы жылдық жоспардан 1560 га артығымен орындалғандығын атап өтті. Сонымен қатар, фермерлік шаруашылық-тардағы қойдың аналық басын сатып алу, МІҚ басын импорттау, мүйізді ірі қара, жылқы, қой-ешкі, түйе сынды мал басын ұлғайту ісі де жоғары дәрежеде жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, Жылыжай салу, Қарқынды бау шаруашылығын дамыту, Бір алқаптан 2-өнім алу жобасын іске асыру, тамшылатып суғару технологиясын енгізу жұмыстары жоспарлы іске асып келеді.

Мерекелік шарада ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне өзіндік үлесін қосқан озат еңбеккерлерге Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

«Алтын күз-2024» мерекесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі де жоғары деңгейде өтті. Аталған жәрмеңкеге ауыл округтерінен ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан бағада ұсынылды.