БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС БАР

0
41

Жас ұрпақ – болашақ. Сондықтан да балалар мен жасөспірімдерді елдің болашағын алға апара алатындай нағыз азаматтар етіп тәрбиелеу мемлекеттің және жергілікті атқарушы биліктің, сол сияқты ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Балаларды теріс әдеттерден қорғау үшін олардың құқықтық сауаттылығын, жаман мен жақсыны жастайынан ажырата білуін, адамдық қасиеттерді бойына сіңіруін қамтамасыз ету қажет. Түркістан облысында балалар тәрбиесіне байланысты жан-жақты жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Жас ұрпақ тәрбиесіне мемлекеттік органдармен қоса қоғамдық ұйымдар да атсалысып, түрлі шаралар ұйымдастыруда белсенділік танытып отырады. Дегенмен де, жас балалардың теріс жолға түсіп кетпеуін қамтамасыз етуде құқыөқ қорғау органдарының тарапынан атқарылатын жұмыстар ауқымды. Олар әр өңірде, шалғай елдімекендерде де мектептерде жиі болып балалармен кездесулер, басқосулар ұйымдастырып олардың құқықтық сауаттылығын ашуға, нашақорлық, ұрлық, буллинг, бұзақылық сияқты жаман да теріс қылықтардан бойын аулақ салуы үшін түсінік жұмыстарын, түрлі акция, шаралар ұйымдастырады.
Полиция қызметкерлері Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушыларына жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында сабақ ұйымдастырды. Іс-шараға оқу орнының 30-ға жуық жас кадеттері қатысты.
Отырар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асхат Нұрбеков, балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Ол жол белгілері мен реттеуші сигналдарының маңыздылығын жеткізді. Жолдарды тек белгіленген жерлерден кесіп өту, бағдаршам сигналдарын қарау және жаяу жүргіншілер жолымен өту қажеттілігін ескертті.
Сонымен қатар сабақта жолда туындайтын түрлі жағдайлар, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіз жүріс-тұрысы жайлы сөз қозғалды. Асхат Нұрбеков жол қозғалысы ережелерін білу апатты жағдайларды болдырмауға және өмірді сақтауға көмектесетінін атап өтті.
Сабақ соңында тәртіп сақшылары мектеп оқушыларын жолдарда қауіпсіз орта құру үшін алған білімдерін достарымен бөлісуге шақырды.
«Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» тақырыбында облыстық полиция, прокуратура және әкімдіктің ұйымдастыруымен ауқымды спорттық шара өтті. Яғни Түркістан аренада «SD FAMILY» Қазақстанның медиа жұлдыздары мен «RUH FIGHTING» жекпе-жек шеберлері командалары арасында жұлдызды матч ұйымдастырылды.
Аталған матчтың негізгі мақсаты – жас буынды спортпен шұғылдануға шақыру, нашақорлықпен бірлесіп күресуді қоғам назарына жеткізу. Түркістан қаласындағы матчқа спорт саласы мен әлеуметтік желіде өзіндік орындары бар, елге танымал 40-қа жуық жас арнайы келді. Олар жасыл алаңда ептіліктері мен шеберліктерін көрсетті.
Әрбір ойыншы жарыстың тартысты өтуіне өз үлесін қосты. Шаршы алаңдағы тартысты ойын «SD FAMILY» командасының есебіне 8:4 болып аяқталды. Жиналған көпшілік те, ойыншылар да ерекше көңіл-күймен тарқасты. Жалпы тәуелсіз еліміздің болашағы үшін ғасыр дертінен ел болып бас тартуымыз қажет! Оған құзырлы органдармен қатар белсенді жастарды тарту оң ықпал етеді деген сенімдеміз!
Ал, Сарыағаш ауданы аумағында жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу және кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруін қадағалау мақсатында Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің және аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бірлесе  Сарыағаш қаласында орналасқан дәмханаларға, ойын-сауық орталықтары мен орталық көшелерде түнгі рейдтік жұмыстары жүргізілді.
Түнгі рейд барысында аудан аумағында  түнгі уақытта жүрген 10 жасөспірім анықталып, оларға «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442 бабының 2 бөлігіне сәйкес, кәмелет жасқа толмаған балалардың ата-анасыз  үйінен тыс жерде түнгі 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін жалғыз жүруіне болмайтыны» бойынша заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылды.