ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР ӨСІМІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МІНДЕТ

0
45

Президент Жолдауларында алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында Түркістан облысының барлық аймақтарында атқарушы билік өкілдері жұмысты ширата түсуге ұмтылуда. Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кезекті аппараттық мәжілістің күн тәртібінде 2024 жылғы меморандум көрсеткіштерінің орындалуы және 2025 жылға арналған жоспарлары жайлы мәселелер көтерілді.
Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Айтекеева баяндама жасады. Және жыл қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштерінің болжамды орындалуына, бюджеттік түсімдердің өткен жылдың осы уақытымен салыстырғандағы өсу барысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталды.
Сондай-ақ 2025-2030 жылдарға экономикалық көрсеткіштер өсімін қамтамасыз ету жоспарымен бөлісті.
Аудан басшысы индикаторлық жоспарлардың орындалуы туралы өз деңгейінде жұмыс жүргізбей жатқан әрбір сала, бөлім басшыларын сынға алып, тиісті жұмыстарды толық орындауды және инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін тапсырды.
Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімдері мен коммуналдық сала қызметкерлерінің бірлесіп жұмыс атқаруы, Қарасу ауылындағы 57 га аумаққа салынатын құрылыс нысандарының инфрақұрылым жүйелерімен қамтылуы, Арыс өзені су арнасының бақылануы, көкпар ойындарын өткізу бойынша күнтізбелік жоспар түзу және мемлекеттік сатып алу жылдық жоспарын бекіту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Жиын барысында аудан әкімі мәжілісте көтерілген әрбір мәселелер бойынша тиянақты жұмыстар жүргізу керектігін жеткізді. Және индикаторға жауапты салалық бөлім басшыларына 2024 жылдың қорытындысымен экономикалық көрсеткіштердің жоғарғы өсім деңгейі мен жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды қабылдауды, тиісті есептіліктердің орындалуын статистика органына мерзімінде тапсырылуын жүктеді.
Аудан әкімі Арман Сәбитов тұрғындарды кезекті рет тікелей жеке мәселелері бойынша қабылдады. Алдын ала қабылдауға жазылған азаматтар түрлі мәселелерді көтерді.
Қабылдау барысында тұрғындар елдімекен аумағында табиғи газға қосылмаған тұрғын үйлерді толық қамтамасыз ету, қоқыстарды тасымалдау, жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй кезегіне тұру, жолдарды жөндеу және тұрғын үйлерді электр энергиясымен қамтамасыз ету секілді өтініштерін білдірді.
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тиянақты тыңдаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы өтініш-тілектердің заң шеңберінде шешілу жолдарын түсіндіріп берді.
Қабылдауда көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті басшылар тарапынан қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Аудан әкімі Арман Сәбитов ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы, Сайрам ауданының тумасы Мырзағали Айтжановты қабылдады.
Қабылдау барысында талай чемпионды даярлаған даңқты бапкер Мырзағали Құланұлы Сайрам ауданында спорттың даму деңгейі жақсы екенін атап өтті. Ауданнан шығып, қаншама республикалық, халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген спортшыларға қолдау күшейтілсе, жеңіс тұғырынан көрінетін жастардың шығатынына сенімді.
Сондай-ақ, Сайрам ауданының тумасы мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің ойынқұмарлық, нашақорлық секілді жат әдеттерден аулақ болуы үшін оларды спортқа баулу бойынша ұсынысын білдірді.
Аудан әкімі Арман Сәбитұлы өз сөзінде жаттықтырушы ретінде еліміздегі спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді:
— Аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлу қашанда маңызды. Спорттық нысандардың салынуы және аудан жастарының спорт сайыстарында жетістіктерге жетуі бойынша Сайрам ауданы потенциалы жоғары аймақ саналады. Аталған мақсатта, Сіздің де орасан тәжірибеңіз бен қолдауыңыз қажет. Осы орайда, Сізге алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, жоғары жетістікке жете беріңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! – деп ыстық ықыласын білдірді.