МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІН ОДАН ӘРІ РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет. Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.
«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр» деп жұмысты ширату қажеттігін айтты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау саласының құрылыс нысанында болды. Облыс басшысының құрылысы енді аяқталған дәрігерлік амбулаторияның ішкі әрлеу жұмыстарына да көңілі толмады. Қожатоғай ауылдық округінде бой көтерген медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынған. Әкім кем-кетіктерді ретке келтіруге бір ай уақыт берді.
– Сіздер үйлеріңізге осындай нашар есік қояр ма едіңіздер? Жоқ! Қыруар ақшаға салынған соң, жауапкершілік керек. Мынау тірліктеріңіз ұят. Халықтың қаражатына салып отырсыздар, жанашырлық болуы керек қой! Осы ауылдың азаматы екенсіз, ендеше жауапкершілік еселеп артады. Ауылдастарыңыз келетін жер ғой. Неге бірден сапалы, дұрыс істемеске? — деді әкім.
Аталған мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына, қала әкіміне тиісті тапсырмалар берілді. Құрылыс қарқыны қатаң бақылауға алынды.
Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне арналған брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры қалыптасқан жағдай туралы Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.
«Түркістан облысы бойынша 2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы Қор арқылы ТМККК мен МӘМС аясында келген бюджет көлемі– 235,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, МӘМС пакетіне – 117,7 млрд теңге, ТМККК пакетіне – 118,2 млрд теңге. Жалпы өткен жылы облыс тұрғындарына 184 медициналық ұйым қызмет көрсетті. Оның 141-і жекеменшік мекеме. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 1,7 млн тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Атап өтерлігі, МӘМС қаржысы есебінен стационарлық медициналық көмекке – 35,5 млрд теңге, консультативті–диагностикалық қызметтерге – 15 млрд теңге, жоғары технологиялық оталарға – 978,2 млн теңге, медициналық оңалтуғаь–7,6 млрд теңге, стоматологиялық қызметтерге – 4,8 млрд теңге, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,8 млрд теңге жұмсалған. Сондай-ақ, тұрғындар бейінді мамандардың күнделікті қабылдауы, түрлі анализдер мен КТ, МРТ сияқты диагностикалық қызметтерді алды. Мәселен, өткен жылы өңір халқы құны 2,5 млрд теңге тұратын 151 мың МРТ және КТ қызметін алған», – дейді Бақыт Торғайбайұлы.
Спикердің сөзінше, облыста МӘМС есебінен жүйесінде сақтандырылған азаматтарға оталар тегін жасалады. Оның ішінде, 4,2 млрд теңгеге 3 мыңнан астам кардиохирургиялық операция, 2,3 млрд теңгеге 1000-нан астам нейрохирургиялық ота, 419,8 млн теңгеге 1000-ға жуық лор бейіні бойынша ота мен электромагнитті есту аппараты орнатылған.
Сонымен қатар 235,6 млн теңгеге 100-ден астам тізе және шат буындарын ауыстыру отасын, 916,8 млн теңгеге 1000-нан астам тамыр және нейротамыр отасын, 80,4 млн теңгеге 16 рет бүйрек және бауыр трансплантациясы жасалды. Бір отаның құны шамамен 5-10 млн теңгені құрайды.
Президенттің қарапайым еңбек адамын құрметтеу туралы айтқанына орай бүгінде Түркістан облысында олардың еңбегін бағалау белең алуда. Кентау қалалық ауруханада 30 жылдан аса қызмет етіп жатқан шаруабике Патима Сатылғанова. Еңбегіне деген адалдығы ұжым ортасында сый-құрметке бөлеген. Патима Асқарқызы алты баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана. Бүгінде олардан он немере сүйіп ортырған аяулы әже.
Өзінің еңбек жолын 1984 жылы Кентау қалалық аурухананың кір жуушы қызметінен бастаған. 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін хирургия бөлімшесінде шаруабике қызметін атқарады.
Әріптестері мен емделушілер арасында беделді. Мекемеде қызмет атқарған жылдарында көптеген қошемет пен алғыс арқалаған, жауапкершілігі жоғары жан. Жұмыс арасында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.
«Әр адам өз еңбегін бағаласа, сол еңбек арқылы абыройыда өседі» деген шаруабике биылғы жылды «Жұмысшылар жылы» аталғанына дән риза.