ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛЫНҒАН

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында және таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде де бүкіл әлемдегі экономикалық ахуалды ескере отырып ішкі және сыртқы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды әлсіретіп алмауды тапсырды. Өйткені, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында, жаңа кәсіпорындар ашып, өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуда инвестициялық қаржылар құйылуының маңыздылығы орасан зор. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстарды жауапкершілікпен әрі тұрақты түрде жүргізу ел дауының кепілі болмақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Иран Ислам Республикасындағы «Sorena Carpet» компаниясының президенті Реза Махмудианмен кездесті. Кілем және кілем өнімдерін шығаратын алып компания басшысымен кездесуде екіжақты әріптестікті нығайту, кілем фабрикасын ашу жөнінде ұсыныстар беріліп, келіссөздер жүргізілді. Өңір басшысы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
– Түркістан облысы мен Иран Ислам Республикасының арасындағы екі жақты ынтымақтастығының дамуы өте маңызды екенін атап өткім келеді. Қазақстан-Иран елдері арасындағы ынтымақтастық негізінде сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми бағытында ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік бар. Сіздер ұсынып отырған жобаның маңызы өте жоғары. Былтыр қазақстандық кәсіпорындар 5,1 млн. шаршы метр кілем өнімін шығарды. Дегенмен ауқымды дей алмаймыз. Облысқа кілем негізінен Түркия, Ресей және Қытайдан жеткізіледі. Еліміздің ішкі нарығының кілем бұйымдарына деген қажеттілігінің 75%-дан астамы импортталады. Сондықтан аймақта кілем фабрикасын ашу тиімді болмақ. Ортақ келісімге келсек, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Ирандық инвестор компаниясының әлеуетімен таныстырып, жоспарларын баяндады. Түркістан облысында жобаларының бірін жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл бағытта келіссөздер жалғасады.
Мемлекет басшысы құрылыс жүргізіп ғимараттар салуда оның сапасына, қасбеттері мен жалпы сәулетіне, айналасының әсемделіп, көгалдандыруы мен барлық инфрақұрылымдармен қамтылуына наза аударудың маңыздылығын атап айтып келеді. Түркістан облысында салынатын нысандар мен ғимараттардың сәулеті облыс әкімдігіндегі арнайы кеңесте тұрақты түрде талқыланып тұрады. Бұл жолы да сәулеттік кеңестің кезекті отырысы өтіп, 16 жоба талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір құрылыс нысаны терең зерделеніп барып салынуы керек екенін тағы да ескертті.
– Нысандарды салмас бұрын оның орналасатын жерін, экономикалық тиімділігін, сәулетін терең зерделеу керек. Біз жеке инвесторларды қолдаймыз. Бірақ жобалары талапқа сай болуы тиіс. Жауапты мамандардың талқылауынан өткен соң ғана жобаларды жүзеге асыруға рұқсат беріледі, – деген Нұралхан Көшеров ұсынылған жобалардың бірқатарына ескертпелерін айтып, толықтыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Кеңесте құрылыс нысаны салынатын аудан, қала әкімдерінің ұсыныстары тыңдалды. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлер де өз ойларын айтып, жобаларын ұсынды. Олардың ірілеріне келсек, әкімшілік-іскерлік орталығынан көрме орталығын салу, бой көтерген Қазақ-корей университетінің ғимаратының сәулетіне қатысты идеялар айтылды. Сонымен бірге филармония, галереяның құрылысына қатысты ұсыныстар да берілді.
Түркістан облысында қар басқан жолдарда жауапты мекеме қызметкерлері тәулік бойы тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауа райы күрт өзгеріп, Бәйдібек ауданы аумағына қар түсіп, аудандық маңызы бар және елді мекен көшелері толық бақылауға алынған. Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-1 Бірлік — Жарықбас — Қошқарата автомобиль жолын қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағын қардан тазалау жұмыстарына 10 техника, 20-ға жуық маман жұмылдырылған. Ауыр техникалар тоқтамастан асудағы жолдың қарын күреп шықты.
Облыс басшылығы тарапынан жауапты мекемелерге жол қозғалысының үздіксіз болуын қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды уақытылы атқару тапсырылған. Бұл шара қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүзеге асырылуда. Әсіресе, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуі, ғимараттың техникалық жабдықталуы және азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселесі ерекше назарда.