Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектердің өз иесіне жетуін қамтамасыз ету аса маңызды

0
40

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.
Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет» деген болатын.
Түркістан облысы тұрғындарының саны мен көпбалалы аналарының саны жағынан республикадағы алдыңғы қатардағы облыстардың бірі. Сондықтан да бұл аймақта мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер мен жәрдемдердің өз иесіне жетуін қамтамасыз ету аса маңызды. Облыс әкімдігінің басшылығы өңірлердегі әкімдердің бұл мәселені үнемі назардан тыс қалдырмай, дұрыс шешуді жүктеген.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында баяндама жасаған ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаев 2024 жылы аудандағы кедейлік деңгейі 6%-ды құрағанын атап өтті.
Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 9082 адамнан асырмау жоспары бекітілген болса, іс-жүзінде нақты 7 298 адамға атаулы әлеуметтік көмек түрі тағайындалған екен. Осылайша кедейлік деңгейі өткен жылы 6%-ды құрапты. Ал, биыл Мақтаарал ауданы бойынша кедейлік деңгейін 4%-ға дейін түсіру жоспарланып отыр.
«Биыл атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа моделі енгізілуі жағдайын ескере отырып, бірқатар күрделі міндеттерді шешуіміз керек. Жаңа жоба бойынша отбасының шығыстарын да есептеп тағайындау әдісі, яғни банктердегі аударымдары, сатып алынған заттары мен мүліктері, отбасындағы кез-келген материалдық қозғалыстары есепке алынатын болады. Учаскелік комиссияның қорытындылары FSN «SOCIAL» мобильдік қосымшасында электронды түрде рәсімделуде. Осы орайда, аудандағы 11 — учаскелік комиссияларды планшетпен қамтамасыз ету міндеті жүктелген» — деді, Н.Елшібаев.
Аппарат жиынында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жобасы бойынша аудан аумағындағы жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі де қаралды.
Сондай-ақ, ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов баяндама жасап, аудан аумағынан өтетін темір жол бөлігінің ұзындығы 15,35 шақырымды құрайтынын атап өтті.
«Темір жол желісіне дайындаған жерге орналастыру жобасына сәйкес, аудан аумағындағы 89 жеке және заңды тұлғалардың жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу жоспарланған. Оның ішінде 35 шаруа қожалықтың егістік жерлері, 37 жеке тұлғаның тұрғын үйі, 12 заңды тұлғаның жер телімі және 5 мемлекеттік мекеменің балансындағы жер телімдері бар. Қазіргі таңда жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданып, жер учаскелері иелеріне хабарламалар жолданған» — деді, Ө.Мырзамдамов. Сондай-ақ, жер телімдерін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бөлім басшысы толық баяндап берді.
Айта кетейік, аппарат жиынында өзге де өзекті мәселелер қаралып, шешімдері бойынша аудан әкімі тарапынан тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берілді.
Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров пен аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Ерімбетов Мақтаарал ауылдық округі әкімі аппаратына барып, округ аппаратының ұжымына және округтің ақсақалдары мен белсенді тұрғындарына жаңадан сайланған әкімді таныстырды.
Жиында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Ерімбетов 26-қаңтар күні өткен сайлаудың нәтижелерін жариялап, жаңа сайланған әкімге қызметтік куәлігін табыс етті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына сәйкес, Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округінің әкімі болып сайланған А.Жұматаев ресми түрде өзінің қызметтік міндеттерін орындауға кірісті. Ендеше, жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, округтегі өзекті мәселелерді шешуде белсенділік танытады деген ойдамын» — деді, Н.Саттаров.
А.Жұматаев 1987 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Мәдениеттану» бакалавры бойынша, 2010 жылы дәл осы университетті «Саясаттану» магистрі бойынша және 2012 жылы Еуразия гуманитарлық институтын «Құқықтану» бакалавры бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2012 жылы Астана қаласында Алматы ауданы ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі болып бастаған.
2018 жылы Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округі әкімі аппаратында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бойынша бас маман, одан кейін бас маман-заңгер қызметтерін атқарды.
2023 жылдан бастап қазіргі қызметіне кіріскенге дейін Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында әкімшілік, жалпы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы болып еңбек етті.