ТУРИЗМ САЛАСЫ АУДАННЫҢ ДАМУЫНА ОҢ ӘСЕРІН ТИГІЗЕДІ

0
59

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету кешенді мәселе екені белгілі. Аудан басшылары тек экономика мен өндірісті өркендетуге ғана көңіл бөліп басқа мәселлерді жиып қоя алмайды. Өйткені, ауданның жан-жақты дамуы сол өңірдің экономикалық көрсеткіштерімен қатар тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, денсаулығының сақталуы, тағы басқа да мәселелердің қалай шешілуімен бірге бағамдалады. Яғни аудан әкімдері жылонекі ай өңірдегі барлық мәселелерді кешенді түрде шешуді назарынан тыс қалдырмай, жоспарлы түрде кезек-кезегімен қарастырып, жұмыстардың орындалу барысын қадағалап отыруы тиісті.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе көктемгі көшет егу және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Саттар Нәлібай баяндаса, туризм саласын дамыту туралы, индустриалды аймақты қайта құру туралы аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев хабарлама жасап, аудан аумағындағы тарихи нысандардың айналасын абаттандыру, көріктендіру, келетін қонақтарға сервистік қызмет көрсету сапасы жөнінде жан-жақты сөз етті.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Киелі Отырар – Орталық Азиядағы ең ежелгі шаһарлардың бірі. Қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар жеріне жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Жыл сайын аудандағы киелі орындарға келушілердің саны 120 мыңға жуық адамды құраған. Көне тарихымыздан сыр шертетін осынау бай мұраларымызды насихаттай отырып, ішкі туризмді дамыту алға қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылады»,-деді.
Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан аумағындағы тарихи орындар мен «Арыстанбаб» кесенесінің айналасындағы тазалық, дүнгіршектердегі сатушылар мен қызметкерлердің униформамен жүруі, сервистік орталықтарының сапасының талапқа сай қызмет көрсетуі, Отырарлық брендті қалыптастыратын жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын туристерге ұсыну мәселелері жан-жақты пысықтап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы аймақтағы туризм саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетінін айтып, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар сапалы атқарылуы керектігін атап өтті.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға үйлестіру кеңесінің мүшелері, денсаулық сақтау саласының мамандары мен мекеме, кәсіпорын басшылары және ауыл округінің әкімдері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде Отырар ауданында тері лейшманиозы бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы, Отырар ауданы бойынша 2024 жылы 12 ай көлемінде эхтнококоз ауруының алдын алу жөнінде атқарылған іс-шаралар туралы мәселелер қаралды. Аталған мәселер бойынша бойынша Отырар ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Рысқұлов пен Отырар аудандық Емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Әжіқабылова баяндама жасап, атқарылған жұмыстарына тоқталды.
Сонымен қатар, ауру қауіпі жоғары аймақтар Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауылдық округі аумақтарында алдын-алу үшін нұсқаулық картасы бойынша ауру ошақтарын механикалық жолмен жоюды ұсынды.
Жиын барысында үйлестіру кеңесінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов жауапты мамандарға сыртан (шет мемлекеттерден) уақытша тұруға немесе жұмыс істеуге келген азаматтарды көші-қон полициясы есепке алынуын қадағалау, халық арасында әсіресе егістікке сыртан келіп жалданып жұмыс жасап жатқан азаматтарға жұқпалы аурулардың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстарын кеңінен насихаттау, тері лейшманиозы, эхтнококоз ауруларының алдын алу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру секілді бірқатар тапсырмалар жүктеді.