ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0
59

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, өмір сүру деңгейін көтеру үшін ең алдымен сапалы баспанамен қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан да, Мемлекет басшысы құрылыс саласында, әсіресе, тұрғын үй құрылысында нысанның сапалы болуына ерекше назар аударуды тапсырды. Олардың айналасының тұрғындар үшін жайлы да көрікті болуы да назардан тыс қалмауы керек. Инфрақұрылымдық сапалы дамуды қамтамасыз ету үшін көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың тиімді жолдарын қарастыру да керек. Солар сапалы да нәтижелі, жауапкершілікпен жұмыс жасайтын болса қала тұрғындарының тұрмыс деңгейінің көтерілуіне септігі мол болмақ.
Түркістан қаласы — тарихи әрі мәдени тұрғыдан маңызды аймақ болғанымен, оның инфрақұрылымын дамыту мен қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту қазіргі уақытта ерекше назарда. Бүгінгі күні көпқабатты тұрғын үйлердің тиімді басқарылуы, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері, сондай-ақ әкімшілік іскерлік орталық аумағындағы өзекті жағдайлар да жіті бақылауда.
Түркістан қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы үшін тұрғын үй қатынастары мен көпқабатты үйлерді басқарудың тиімді жолдарын табу өте маңызды.
Әрбір басқарушы органның үйлесімді жұмыс істеп, қала тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттырудағы рөлі зор. Осы тұрғыдан бүгінгі кезекті аппаратық мәжілісте мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Қазіргі уақытта қаладағы тұрғын үй қатынастарының реттелуі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын бақылау, заңбұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғау сияқты маңызды міндеттер атқарылып жатыр. Осы ретте тұрғын үй бөлімінің жұмысын күшейту, жаңа технологияларды енгізу және халықпен тығыз байланыс орнату – маңызды тетік боп саналады.
Қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы да бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі деп білем. Әсіресе, үйлердің сапасы, қауіпсіздік шаралары мен тұрғындардың ортақ мүлікке деген көзқарасы көп назар аударуды қажет етеді. Мұндай үйлерді тиімді басқару үшін, олардың басқару ұйымдарының жұмысы жан-жақты ұйымдастырылуы тиіс.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында қаладағы тұрғын үй мәселелері, құрылыс сапасы және орындаушылық тәртіпке қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Мәжілісте алғаш болып Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев баяндама жасап, арендалық тұрғын үйлерді жекешелендіру нәтижесін баяндады.
Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Тұрғын үй кезегіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 3026 азамат шығарылған. Соңғы 3 жылда 7136 адам тіркелсе, 3686 адам кезектен шығарылды.
Биыл тұрғын үйлерді жекешелендіру бойынша Заң 21 қаңтардан бастап күшіне енді. Енді мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз бір қатар санаттаға азаматтар ала алады.
Сондай-ақ, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерді басқару мәселесі талқыланды.
Жиында сонымен қатар, құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов Әкімшілік-іскерлік орталық аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайына қатысты баяндама жасады. Өз сөзінде ол құрылыстың сапасын арттыру, мерзімінде аяқтау және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыстың сапасына ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.
Мәжілістің үшінші мәселесі – орындаушылық тәртіп туралы болды. Бұл жөнінде Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Ердәулет Төрехан баяндама жасап, мемлекеттік органдардағы тәртіп, тапсырмалардың орындалу мерзімі және құжат айналымын бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жиын соңында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Түркістан қаласының дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасатын болады.