МӘЖІЛІСТЕ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ МЕН ТӘРБИЕСІ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

0
25

Түркістан облысының әкімдігінің тапсырмасына сәйкес өңірлерде білім беру мәселесіне мұқият мән беріліп, жас ұрпаққа сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру бойынша жұмыстарды қадағалап, жоспарға сай жүзеге асырып келеді. Арыс қалалық әкімдігінде Арыс қаласында жалпы білім беретін мекеме басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау мен тәрбие мәселесіне арналған жиын өтті.
Қала басшысы Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен өткен мәжіліске қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, аудан прокурорының орынбасары Темур Әбдірахманов, қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, ауыл әкімдері және білім беру мекемелерінің басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мен олардың қадағалаусыз, панасыз қалуының және зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы 2024 жылғы атқарылған жұмысы бойынша Арыс АПБ ЖПҚ бастығының міндетін атқарушы, аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Рахымжан Шекербеков баяндама жасады.
Сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков сөз алып, мектептерде тәрбие ісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Жиынға қатысқан педагогтар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Қала басшысы кәмелетке толмағандар ісі бойынша жұмыстарды ширатуды, ата-ана және оқушылармен тікелей жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, қаламыздағы жастар көп шоғырланатын орындарға, кафелер мен барларға, ойынханаларға, саябақтар, скверлерге рейдтік шараларды күшейту керектігін ескертті.
Жиын қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бақылауға алынды.
Сол сияқты Арыс қаласында мәдениет пен өнерге, руханият мәселесіне де көңіл бөлініп отырады. Келес ауданында облыстық «Өнер құдіреті-мәңгілік» өнер фестивалі аясында «Ұлы дала әуендері» ұлт-аспаптар ансамблдер байқауы өтті.
Байқауға облыс көлеміндегі барлық қалалар мен аудандардан келген ұлттық-аспаптар ансамблдері бақтарын сынады.
Бүкіл облыстың өнер майталмандарының басын қосқан шарада арыстық өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орынға ие болды. Атап айтқанда, қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарынан құралған «Көркем сазы» тобы қазылар алқасының шешімімен «Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесін» қанжығасына байласа, «Сазды әуен» вокалды-аспаптар ансамблдер байқауында «Арыс» ансамблі дәл осындай нәтижеге қол жеткізіп, қаламыздың мәдениеті мен өнерінің мерейін үстем етті!
Айта кетейік, сайыс барысында қазылар алқасы жүлделі орынды анықтау үшін үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, музыкалық аспапта орындау шеберлігіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне баса назар аударды.
Арыс қаласының әкімдігінде «Арыс қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ» тақырыбында кітап көрмесі өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы, әкім аппаратының басшысы Талғат Анашбеков және мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – әр түрлі жанрлар мен бағыттағы әдебиеттерді оқырмандарға ұсыну, қайта жаңартылған жаңа кітаптармен таныстыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен әдеп қағидаларын насихаттау болды.
Іс-шара барысында кітапханашылар Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан алынған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбына арналған мақалаларды таныстырып, мемлекеттік қызметкерлерге әдеби шығармаларды оқудың маңыздылығын жеткізді.
Көрме бірнеше негізгі бөлімдерден құралды:
1. «Көркем шығарма – әдебиеттің құндылығы» бөлімінде 2025 жылғы мерейтой иелерінің шығармалары мен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2007 жылдан бері таңдалып алынған жыл кітаптары қойылды.
2. «Өлке әдебиеті мен өнер майталмандары» бөлімі Арыстың танымал қаламгерлері мен өнер қайраткерлерінің еңбектерін қамтыды.
3. «Кітап – өткеннің ізі, болашақтың негізі» бөлімінде кітапханаға жаңадан түскен заманауи шығармалар, жастарға арналған мотивациялық кітаптар мен өзекті әдебиеттер ұсынылды.
Кітапханашылар көрме арқылы оқырмандарды жаңа әдебиеттермен таныстырып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятуға тырысты.
Кітап көрмесі кітапхананың оқырмандар санын арттыруға, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Әдебиет арқылы сананы тәрбиелеу, тұлға қалыптастыру және қоғамның мәдени деңгейін көтеру – кітапханашылардың басты міндеті екені тағы да дәлелденді.
Арыс қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі болашақта да осындай мазмұнды іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастыратынын атап өтті.