ТҮРЛІ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАР АРҚЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАУДА

ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен бүгінде билік пен халық арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп әкімдердің жұртшылықпен кездесулері, жеке қабылдаулары мен түрлі тұжырымдамалар мен акциялар арқылы тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асуы әдетке айналып келеді. Түркістан облыстық Бірыңғай байланыс орталығы – «Ашық әкімдік» және «Халықтық әкімдік» тұжырымдамаларына сәйкес жергілікті билік пен халық арасындағы үздіксіз байланысты нығайту бойынша жұмыс жүргізетін алаң. Соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған орталықта тәулік бойы тұрғындардың арыз-шағымы қабылданады.
Қоңырау категориясы консультация беру, оқиғаға байланысты арыз-шағым, шағым, алғыс және ұсыныс негізінде 5 түрмен жүргізіледі. Тұрғындардың мәселелерді жедел жеткізу мен кері байланысты оңтайландыру бойынша өтініш беру көздерінің аясы кең. Атап айтқанда, азаматтар 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу, «Aikey» мобильді қосымшасы, Telegram-да чат бот, Whatsapp желісі, Instagram және Facebook әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы өтініштерін жолдай алады. Коммуналдық-тұрмыстық мәселелерден бастап әкімдік қызметтерге дейін сұрақтарын қойып, нақты ақпарат алуға толықтай мүмкіндік бар.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бекітілген кестеге сәйкес азаматтардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Кездесуге алдын ала жазылған облыс тұрғындары фильм жобасы бойынша, кинотеатр көрсетіліміне қолдау көрсету, облысымыздың спортшысына атақ-дәреже беру мәселесі, мәдениет үйіне есім беру және «Тарихи тұлғалар» тізімене енгізу, БАҚ-қа қатысты ұсыныстар және мемлекеттік тапсырыс мәселелері бойынша өтініштерін айтты.
Ертай Кенжебекұлы қабылдауға жазылған облыс тұрғындарының өтініштерін мұхият тыңдап, шешімнің заңды жолдарын түсіндірді. Облыс әкімінің орынбасары көтерілген әр мәселе бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырма беріп, барлық мәселе заң аясында шешілетінін жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасарларының жеке қабылдауы белгіленген кестеге сәйкес өтуде.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алдын ала жазылған аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерін аудан басшысына жеткізді.
Нақтырақ айтқанда, жеке қабылдау барысында заңсыз салынған нысандар, жер телімдерін жалға алу, мал қораларды заңдастыру, кәсіпкерлік салаларына қатысты мәселелері қозғалды.
Жалпы көтерілген мәселелерге заңға сәйкес, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Бірқатар мәселелер алдағы уақытта зерделеніп, мамандар тарапынан қосымша хабар берілетіндігі айтылды. Тиісті бөлім басшыларына жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді. Аталған мәселелердің орындалуы аудан әкімінің тікелей бақылауында болмақ.
Айта кетейік, тұрғындар аудан әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында бекітілген кестеге сай, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келгендер негізінен тұрғын үй кезегіне қатысты туындаған сұрақтарын қойып, балалар ойын алаңшасын орнату, көпқабатты үйлер ауласын жөндеу, ішкі көшелерге асфальт төсеу мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ, ауыз су сапасына, жоғары кернеулі трансформатордың қуаттылығына қатысты шағымдарын жеткізді. Жеке кәсіпкер «Шұғыла» тігін цехының жұмысымен таныстырса, инвестор аудан орталығынан жекеменшік мектеп ғимараты құрылысы үшін жер телімін қарастыруды өтінді. Сонымен қатар, азаматтар әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу мәселелерін сөз етті. Жеке меншіктегі жер телімінің санатын өзгертуді сұранып, инвестициялық жобасымен таныстырды. Жер, жол, кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді ортаға салды.
Аудан басшысы тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізілетінін түсіндірді. Ешкім өз кезегінен тыс пәтер алмайтынын айтты.
Қабылдауға келгендердің өтінішін жеке-жеке тыңдаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы көтерілген әрбір мәселе зерделеніп, заң шеңберінде шешімін табатынын жеткізді. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріліп, барлық өтініштердің орындалуын бақылауға алу үшін хаттама толтырылды.
Сол сияқты Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев өзі жетекшілік ететін салалар бойынша тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдауға келгендер тұрғын үй кезегіне қатысты сұрақтар қойып, Төңкеріс елді мекеніндегі жер теліміне қатысты арыз-шағымдарын жеткізді.
Азаматтардың өтініш-талаптарын тыңдаған Лесбек Әуезханұлы көтерілген мәселелердің заң аясында шешу жолдарын қарастырды.
Төлеби ауданының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізуде. Жеке қабылдауға e-Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе аудан әкімі аппаратының әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөліміне келіп, жазылуға болады.