ОН ТӨРТ АУЫЛҒА ГАЗ ЖЕТКІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Мақсат – ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, өмір сүру деңгейін көтеру. Сондықтан да Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып елді мекендердің сапалы ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, автокөлік жолдары, басқа да инфрақұрылымдарын сапалы ету бойынша жұмыстар жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.
Бұл бағытта Келес өңірінде де жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 58-і табиғи газ жүйелерімен қамтылған. Қалған елді мекендердегі тұрғындарға табиғи газ жеткізу мақсатында өткен жылы Ұшқын ауылдық округінің Достық және Қоралас ауылдары, Қошқарата ауылдық округінің Ұшқын елді мекені және Бірлік ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылдарында құрылыс монтаж жұмыстары басталды.
Оған қоса 9 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Биыл Келес ауданы, Бірлік ауылдық округінің Жаңатіршілік, Үшағаш, Қосөткел, Бірлік елді мекендерінде және Ошақты ауылдық округінің С.Саттаров, Ынталы, Қаратал, Бақышсай, Атақоныс, Жиделі елді мекендеріне 50,6 шақырым жеткізуші газ құбыры жүргізілетін болады. Сонымен қатар Достық, Қоралас, Ұшқын және Бірлік елді мекендерін табиғи газбен қамту құрылысы басталды.
Айта кетейік, 2024 жылы өңірдегі маңызды жобалардың бірі саналатын «Абай АГТС құрылысы» (қуатын күшейту) нысаны іске қосылды. Қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді.
Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына қарқын қосып, ауыл еңбеккерлерінің жайлы жағдайда еңбек етуін қамтамасыз етеді. Яғни олардың өнімді мол өндіру мүмкіндіктері арта түседі.
Сондай-ақ, өңірге табиғи газ келіп өндіріс пен тұрмыста кеңінен қолданысқа еніп жатқандықтан Келес ауданында газ және газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздікті арттыру және бақылауды оңтайландыру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, газбен уланудың алу бойынша аудан көлемінде жеке үйлермен әлеуметтік инфроқұрылым обьектілерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы мекеме аралық кездесу өткізілді.
Аталған іс-шараға аудандық прокуратура, төтенше жағдайлар бөлімі, полиция бөлімі, Абай газ шаруашылығы мекемемесі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері бірлесіп, аудан орталығы Абай ауылы аумағында газбен уланудың алдын алу бойынша жеке үйлермен әлеуметтік инфрақұрылым обьектілерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Еске сала кетсек бұған дейін де 2024 жылдың қараша айында аудан көлемінде 9 ауылдық округте көпқабатты тұрғын үйлермен жеке тұрғын үйлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгін де бұл іс-шара жылыту маусымы аяқталғанға дейін өз жалғасатын табатын болады.