ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТА 126 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Өңірлердің қарқынды дамуы мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылауы үшін индустриялық аймақтардың жұмысын жандандыра түсу қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да облыс әкімі де ұдайы айтып, нақты тапсырмалар беріп келеді. Индустриялық аймаққа инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарының қанын көбейту мен өндірілетін өнім сапасы мен көлемін арттыруға болады.
Сайрам ауданында биыл жалпы құны 62,3 млрд.теңгені құрайтын 21 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 045 адам жұмыспен қамтылуы көзделген. Өткен жылы құны 15,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, 235 жұмыс орны ашылған болатын. Бұл туралы ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баходир Олжаев аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен бөлімдердің жұмыстарын үйлестіру бойынша кеңес отырысында мәлімдеді.
– Бүгінгі таңға ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 23 549 бірлікті құрайды. Ал олардың өндірген өнім көлемі 208,0 млрд.теңге болып, тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,7%-ға артқан. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіруді арттыру бағытында 75 жобаны несиелендірілді. Өткен жылы облыс әкімдігінің «Сайрам» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құру туралы қаулысы қабылданды. Аталған индустриялық аймақта іске асырылатын жобалар саны – 126-ны құрап, жобалардың құны 62,2 млрд.теңгеге жетіп отыр. Нәтижесінде 1 835 жұмыс орны ашылмақ, — деді бөлім басшысы.
Бөлім басшысы өз есебінде сауда, агроөнеркәсіп, ағын су, мал, егін шаруашылықтары мен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті. Өз кезегінде аудан басшысы Арман Сәбитұлы өңірдің агроөнеркәсіп секторындағы әлеуетін кеңінен пайдалану бойынша айтып, ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту салаларына баса көңіл бөлінетіндігін, сондықтан да осы бағыттағы жұмыстарды ширатуға тапсырма берді.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен бөлімдердің жұмыстарын үйлестіру бойынша кеңес отырысы болып өтті. Онда ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өткен жылда атқарылған жұмыстары туралы есебі мен ағымдағы жылға койған жоспарлары туралы есебі талқыланды. Бөлім басшысы Нұрлан Сарыбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Бөлім басшысы жұмыспен қамту шаралары бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бастамаларын таныстырып, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Сайрам ауданы бойынша «Қазақстан Республикасының Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жалпы 11 497 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету жоспарланды. Есепті айда 13 322 азамат жобаға қатысып, жоспар 116 пайызға орындалды. Биыл аталған бағытта 12 067 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарлануда, — деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, жергілікті халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен жастарға арналған арнайы жобалар мен бағдарламаларды жастарға жеткізу мәселелері айтылды. Аудандық «Мансап орталығы» жұмысының тиімділігін арттыру, цифрлық технологияларды қолдану, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту және халықпен кері байланысты нығайту мәселелері де сөз болды.
Бөлім басшысының есебін тыңдаған аудан әкімі Арман Сәбитұлы әлеуметтік салаға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтатын болсақ, ауыл округ әкімдерімен тиісті бөлімдермен бірлесіп, қадамдық іс-шаралар жоспарын бекітіп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Ауданда 2024 жылдың қорытындысымен ауданның негізгі көрсеткіштері бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 312,1 млрд.теңгеге орындалды. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айында негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталды. Облыс көлемінде аудандар бойынша рейтинг әзірленіп, 2024 жылдың қорытындысымен аудан 1-ші орынға шықты. Меморандум көрсеткіштердің ауылдық округтер кесіндісінде ай сайын орындалуына мониторинг жүргізілді, осы көрсеткіштер бойынша жыл қорытындысымен ауылдық округтердің рейтингісі әзірленді. Ауданның даму көрсеткіштерінің өсімін қамтамасыз ету және межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жыл бойында тиісті салалық бөлімдермен бірге көрсеткіштердің статистикалық деректерде есепке алынуын қамтамасыз ете отырып, статистика органымен жұмыс істелді.