ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру үшін еліміздің барлық өңірлерінде, шалғай елдімекендерге дейін инфрақұрылымдарды жүргізіп, олардың сапалы болуына қол жеткізу арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, әлеуметтік-экономикалық дамуға қарқын беруге жол ашу керектігін айтып келеді. Соған байланысты мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар мен жобалар арқылы Түркістан облысының аумағында ауылды жерлердегі инфрақұрылымдарды жетілдіру мен сапасын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, газбен қамту жұмысы қарқынды. Бұл ретте Сайрам ауданында да жүйелі іс атқарылуда. Қазіргі таңда аудандағы 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газбен қамтылған. Ақарыс және Оймауыт елді мекендерінің табиғи газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Бұл елді мекендер Құтарыс пен Қызылжар елді мекендерінің құбырына тәуелді болуына байланысты құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қосылады. Өткен жылы аудандағы елді мекендерді табиғи газбен жабдықтау саласы бойынша облыстық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп, Көлкент, Құтарыс және Қызылжар елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда аудан бойынша газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Айта кетейік, барлық елді мекендерге газ тарататын 3 дана газ таратушы станция бар. Нақтырақ айтсақ, Ақбұлақ ауылында орналасқан «Самсоновка», Жібек жолы ауылында орналасқан «Свердлов», Нұржанқорған ауылында орналасқан №20 «Жаңақоғам» газ тарату станциялары бар.
Сонымен қатар ауыз сумен қамтуда да ілкімді іс бар. Елді мекендерге тұрақты ауыз су беру үшін өткен жылы Сайрам ауданындағы 14 нысанға аудандық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда нысандардың құрылысы аяқталған. Облыстық бюджет есебінен Жібек жолы ауылының ауыз су құрылысы аяқталса, 2 нысан құрылысы биылға өтпелі. Жібек жолы ауылындағы су құбыры желісін күрделі жөндеу жұмыстары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асуда.
Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тұрғындарға ауыз су тұрақты берілуде. Сондай-ақ Қарабұлақ ауылының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Биыл Арыс ауылдық округіне қарасты Нұржанқорған және Қожақорған ауылдарында ауыз су құбырларын салу жұмыстары аяқталмақ.
Бәйдібек ауданында да тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жасалынуда. Таяуда ауданның бірқатар елдімекендерінің тұрғындарының үйлері табиғи газ жүйесіне қосылды. Аудандағы Жыланды, Жоғарғы Боралдай, О.Тайманов, Теректі ауылдарының тұрғындары үшін 2025 жыл қуанышты жаңалықпен басталды. Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов ауыл тұрғындары көптен күткен табиғи газды салтанатты түрде іске қосты. Бұл игі іс ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын көтермек.
Сонымен қатар, қаңтар айының соңына дейін Кеңестөбе, Бірлік, Қазата елді мекендерін және жыл соңына дейін Бәйдібек ата елді мекенін табиғи газға қосу жоспарлануда. Нәтижесінде аудан бойынша 36 елді мекен табиғи газбен қамтылатын болады. Ол халықтың 85,8 пайызы.