ШАРУАЛАР КӨКЕЙДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ОРТАҒА САЛДЫ

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты тапсырмаларын орындау бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар қомақты. Облыста ауыл шаруашылығы саласын инновациялық бағытта дамыту, цифрландыру мен электроникалық технологияларды біртіндеп ендіру, ауыл шаруашылығы саласының барлығында ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып жаңа технологияларды ендіру арқылы аз көлемдегі аумақтан екі-үш есе мол өнім өндіру, егістікті арнаулы әдістермен суғарып ағын суды үнемдеу, тағы басқа да бағыттарда көптеген жұмыстар атқарылуда.
Ауыл шаруашылығының егістік егу бағытында ағын су арқылы алқаптарды жеткілікті сумен суғаруды қамтамасыз ету маңызды. Өйткені егістікке берілетін су онда егілген дақылдың толық пісіп-жетілгеніне дейін қажетті мөлшерде жеткізіліп тұрмаса диқанның маусым бойғы төккен маңдай тері текке кетіп егістігі қурап, межелеген мөлшерде өнім ала алмай табыс таппақ түгілі зиян шегіп, қарызға батып қалуы да ықтимал.
Сол себепті де облыс әкімдігі қыс ауасында көктемгі дала жұмыстарына дайындық пен егілетін егістік алқаптарын жеткілікті сумен қамтамасыз ету бойынша алдын ала жұмыстарды жүргізуде. Өңірлерде шаруалармен кездесіп, олардың осы бағыттағы өтініш-тілектерін тыңдап, туындағын мәселелер болса оны ертерек шешіп көктемгі науқанға дайындықпен баруды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасалуда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш және Келес аудандарының шаруаларымен кездесіп, пікір алмасты. Шаруалар көкейдегі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс барысында жеңілдетілген пайызбен несие алу, тыңайтқыш пен жанар-жағармайға өтінім беру барысында кездесетін кедергілер ашық талқыланып, аудан аумағындағы ағын су мәселесі, су арналарының жағдайы жөнінде сұрақтар қойылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ермұхан Құралбеков агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несиелер мен ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаулар жөнінде баяндап, тәртібін тарқатып айтты.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев салада атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2024 жылы аудандағы «Құлтума», «54-тармақ», «Сифон» каналдары мен Жеміс қойма, Шеңгелді қашыртқыларына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеуден өткен. «Тұран-су» МКК арқылы бөліп төлеу негізінде сатып алынған 3 бірлік техниканың көмегімен 172 шақырымды құрайтын 56 су нысаны механикалық тазалаудан өтті. Қазіргі таңда «47-тармақ» каналына қосымша су беру үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталған.
Сарыағаш ауданының Құркелес, Көктерек, Тегісшіл және Келес ауданының Біртілек ауылдық округтері аумағындағы коммуналдық меншіктегі «Шошым» каналын, Жібек жолы ауылдық округ аумағындағы коммуналдық меншіктегі «Шаншар-құлақ» каналын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамдан өткізілген.
Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы заң аясында зерделеніп, соған сәйкес шешім қабылданатынын атап өтті.