Тоқаев пен Ердоған келіссөз жүргізді

0
11
үркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде емлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, зеңбіректен 21 рет оқ атылды.
Екі елдің басшылары Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентімен келіссөз жүргізді.
Президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Түркия президентіне алғыс айтты. Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға дайын екенін растады.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады.
Түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған. Компания алдағы уақытта Астанадағы YDA Industrial Park көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды.
Сонымен қатар Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруға қатысты жоспарымен бөлісті.
«Мемлекет басшысы холдингтің Қазақстанға стратегиялық тұрғыдан қызығушылығын және елімізде жүзеге асырып жатқан инвестициялық бастамаларын жоғары бағалады», — деп жазылған хабарламада.