Партиялардан ұсынылған үміткерлердің конституциялық заң талаптарына сәйкестігі қаралды

Елімізде 2023 жылдың 19 наурызында мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауы өтеді.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауға байланысты облыстағы саяси партиялар филиалдары тізімімен ұсынылған кандидаттардың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестіктері қаралды. Комиссия отырысына облыстағы «Amanat» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, «Respublika» партиясы, «Қазақстан Халық партиясы» филиалдарының басшылары қатысты. Комиссия отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де шақырылды. Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасына және Облыстық полиция департаменті Көші- қон қызметіне кандидаттар бойынша жіберілген хаттарға келген жауаптар зерделеніп, қаралып, қортындысында саяси партиялар филиалдары тізімімен ұсынылған кандидаттардың сайлау заңы талаптарына сәйкестіктері анықталды. Әр партия филиалдары бойынша ұсынылған тізімдегі әрбір кандидаттың заң талаптарына сәйкестіктері жөнінде шешімдер қабылданды. Партия филиалдары өкілдеріне алдағы өтетін тіркеуге дейінгі жүргізілуге тиісті жұмыстар түсіндірілді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сұрақтарға жауап беруге барлық уақытта дайын екендігі, комиссияның әлеуметтік желіде фейсбук парақшасы жұмыс істеп тұрғандығы назарларына жеткізілді.