Ою-өрнек көрмесі ашылды

Халқымыздың тұрмыста қолданған ою-өрнектерін оның интеллектуалдық эстетикалық дүниетанымынан туған, ешкімге де ұқсамайтын көркемөнер туындысы деуге болады. Зер салып қарасақ әрқайсында эстетикалық мән мағына жатыр. Көптеген зерттеушілер ежелгі ою-өрнектердің астарында халқымыздың табиғаттан алған әсерін дәлме-дәл түсіруге ұмтылған ұмтылысы жатқанын айтады. Көшпелі салтты ұстанған ата-бабаларымыз ғарыштық, геометриялық ою-өрнектерден басқа зооморфтық элементтер тұрмыста түрлі мәнерде көп қолданған. Сонымен қатар, ою-өрнек өнері халқымыздың ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіресінің бір түрі болып саналады. Ежелден ұмытылмай бүгінге жеткенінің де өзіндік сыры бар.
Қазақ халқы қолөнерге бағзы заманнан ерекше мән беріп, оны күнделікті тұрмыс-тіршілігінің бір бөлігі санаған. Құра көрпе, арқа бау, тұскиіздің бәрінде ою өрнек бейнеленген. Халқымызда киіз үйден бастап, оның ішіндегі әр бұйымға дейін шебер қолөнершілердің қолымен дайындалып, ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген.
Оюдың әрқайсысы белгілі бір ұғымға немесе қандай да бір жағдайға байланысты өрнектелетін болған. Тіпті қыздың жігітке сыйлаған кестелі орамалында да ою өрнектер қыздың айтар ойын жеткізер хат есебінде болған. Соны ескерсек, ою-өрнектердің айтар ойы мен берер тәрбиесі де мол. Осы орайда айта кетерлігі, қазақ халқы әр оюға ерекше мән беріп, оның қайда, қандай бұйымда немесе қандай киім үлгісінде қалай қолданылуы керектігіне көп көңіл бөліп, ешқандай қателіктің кетпеуін жіті қадағалаған. Өйткені оюлар атауларына, көлеміне, пішініне, түр-түсіне қарай өзіндік мағынаға ие. Соған қарай, бас киімдерге қолданылатын ою-өрнек түрлерін киімнің етегіне немесе шалбардың балағына қолдануға, сондай-ақ керісінше етікке, балаққа ойылатын ою түрлерін жағаға жапсыруға мүлде болмайды. Осы қағидаларды қатаң сақтаған. Осының өзінде қандай тәрбиелік мән мағына жатыр десеңізші. Жуырда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қыз еркем – кестесімен көркем» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетінде орын алатын ою мен кесте өнеріне еңбек сіңірген шеберлер Насиба Тайманова және Эльмира Шермұханбетованың суреттері, оюлары қойылды. Сонымен қатар орыс және украин халқының кестелі көйлектері, жастық қаптары, прялкасы (аяқпен жіп иіретін ұршық) кестелі картиналары, өзбек халқының қабырғаға ілетін кестеленген сәнді бұйымы «Зардевор мен сузаналары», халық шеберлерінің қолынан шыққан үздік этнографиялық бұйымдары кестелі аяқ қаптар, дастархан, кесе қаптар, кестелі ұлттық киімдер көрініс тапты. Көрмеге келушілер қызыға тамашалады. Ежелден келе жатқан халқымыздың мол мұрасынан сыр шертетін көрмеге келушілер қатары қалың. Олар алтын қолды шеберлердің қолынан шыққан ғажап туындыларды қызыға тамашалады. Қорларды ғылыми-зерттеушілік қамтамасыз ету бөлімі ұйымдастырған көрменің мақсаты – кесте өнерінің ертеден келе жатқан ұлттық өнердің қастерлі бөлігі екендігін түсіндіру және әсемдікке, биязылыққа, еңбекті сүюге, биімділікке үйрету және қызықтыру болып табылады. Ел ішінде қолөнер шеберлері барда қазақтың төл өнері өлмейтіні анық.