Әдеби ақпараттық сағат өтті

0
132

 

 

Бүгінде Түркістан облысының мәдени ошақтарында Саттар Ерубаевтың  110 жылдығына орай түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп жатыр. Күні кеше Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылдық кітапханасында Қазақ жерінің көрнекті тұлғасы, дарынды жазушысы, атақты журналист Саттар Ерубаевтің 110 жылдығына орай «Жалындаған жастық шақ» атты әдеби ақпарат сағаты өткізілді. Шараның негізгі мақсаты — аз ғана болса да, аса қымбат әдеби мұра қалдырған Саттар Ерубаевтің өмірі және шығармашылығымен оқырмандарды таныстыру болып табылады. Бұдан кейін, аталған Көксәйек ауылдық балалар кітапханасында белгілі жазушы Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толуына орай жоғары сынып оқушыларымен «Жалынды ақын» көрме портрет өткізілді .Мақсаты: Оқушыларды қазақ жазушысы, ақын, публицист, сыншы Саттар Асқарұлы Ерубаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, шығармаларындағы адамгершілік идеяларымен таныстыру және оны мектептегі оқу-тәрбие процесінде тиімді пайдалануға бағыттау болып табылады. Оқушылар аталған көрмені қызыға тамашалап, жазушының шығармаларымен толық танысып шықты. Бұдан бөлек, кеше  Түркістан қаласындағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің бірлесіп ұйымдастырулары мен аталған кітапхана қызметкері Динара Берікқызының модераторлық етуінде қазақтың жарық жұлдызды ұлдарының бірі болған Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Саттар ғұмыры, ғасыр тұнығы» атты жазушы- ақынды еске алу кеші өткізілді.

Мәдени іс-шарада сөйлегендер Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері: Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген тыл және еңбек ардагерлері Өтепберген Қуанышбаев,Кеңесбек Мәрсәлі, еңбек ардагері Хамза Пәйзіұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қасымхан Бегманов (оффлайн), қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Роза Сыздыққызы, Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Роза Жұмабайқызы, қаладағы Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернаттың директоры Гүлжан Мұратқызы мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ерман өз сөздерінде Қазақ әдебиетінің әлемінде жарық жұлдыздай жарқ етіп, артында өшпес із қалдырған жазушы, ақын, қаламгер, жалынды жастық пен баянды бақытты тамылжыта жырлаған дарынды талант иесі, халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі Саттар Ерубаев пен оның шығармашылығы жайлы ойлары мен пікірлерін білдіре келіп, оның қаламынан шыққан туындылар бүгінгі күнге дейін маңызды екендігін, сондықтан Саттардың шығармалары әр қазақтың, әсіресе жастардың санасына сіңіп, жадында сақталуы керектігін айтса, Түркістан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төраға орынбасары,ақын Әйгерім Жұмабаева өзінің өлеңдерін оқыды. Жазушының шығармаларын барынша насихаттаған шара болды. Мамандар Саттар Ерубаевтың өмірбаянымен толық таныстырып, барлық шығармаларын дәріптеп шықты.

Осы әдеби кеш барысында Түркістан қаласының Нәдір Төреқұлов атындағы жалпы орта мектеп пен Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернаттың оқушылары Саттар Ерубаевтың өлеңдері мен ол туралы жазған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып берсе, жас әншілер Ақбота Аметжан мен Қарақат Әбділдә тиісінше «Саттар аға» мен «Қазақстаным» әндерін тамаша орындаулары арқылы көрермендер қошеметіне бөленді. Оқушылар да аталмыш мәдени шараға барынша дайындалғаны көрініп тұр.

Жиын соңында Саттар Ерубаев атындағы әдеби- мәдени музейдің меңгерушісі Айгүл Исабекова мен Айғаным Серім бүгінгі ұйымдастырылған әдеби кештің жоғары деңгейде өтуіне белсене ат салысқан, өз өнерлерін ортаға салып көрерменнің ілтипатына ие болған азаматтарға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Қазақ халқының ұлы тұлғаларын дәріптеу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.