Кітапханада мәдени кештер ұйымдастырылуда

0
119

 

Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы «ОКЖ» КММ-не қарасты Қарашық ауылдық кітапханасы  күн құрғатпай түрлі мәдени-әдеби кештер ұйымдастырып тұрады. Биыл ұлтымыздың даңқты қайраткерлерінің мерейтойлары атап өтілмек. Осыған орай аталған кітапханада әр тұлғаға жеке жеке мәдени кештер ұйымдастырылуда. Ұлт әдебиеті талай сындарлы кезеңдерден өтсе де қашан да талантты тұлғалардан кенде болған емес. Қазақтың құнарлы топырағынан шыққан сондай талантты ақынның бірі – Нармахан Бегалыұлы. Сыршыл да сыншыл ақынның мөлдіреген жырлары талай жүректердің төрінен орын алған. Лирика сезім мен ойдың поэтикалық нәтижесі десек, қазақ поэзиясына ойлы образдар, тың тіркестер қосқан ақынның «Шаттық күйі», «Жиде жұпар шашқанда», «Жотадағы жол», «Ботагөз бұлақ», «Екі томдық шығармалар жинағы», «Жаз-Жалбыз» жыр жинақтары бүгінде танымалдылыққа ие. Жүрегін махаббат жалыны кернеген жастардың басым бөлігі сыршыл ақынның кітаптарынан іздегенін табады. Ұяң болмысы табиғат сұлулығымен үйлескен сыршыл ақынның терең де нәзік сезіммен өрілген өлеңдері көркемдіктің ерекше сиқырына толы. Әр кітабын парақтаған сайын шөліркеген жандай қызыға да құныға оқисың. Өлеңдерінің бейнелілігі ерекше назар аудартып, ой салады.  Шараға қатысушылар ақынның өлеңдерінен жарыса үзінділер оқыды.

Бұдан кейін аталмыш кітапхана ұжымы тағы да бір мәдени кештің шымылдығын түрді. Сауран аудандық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Оранғай, Қосқорған, Құсшыата, Шойтөбе ауылдық кітапханашылары, Оранғай ауыл клуб меңгерушілері ұйымдастыруымен «Атамның сөзі, деректің көзі» атты жобасы аясында «Қара қылды қақ жарған-Әйтеке би» атты тарихи сабақ өтті. Аталмыш шараны өткізудегі басты мақсат -өскелең жас ұрпақтар бойына халқымыздың ұлттық қасиеттерін сіңіріп, өсиет өнегелі сөздер арқалы адамгершілікке баулу, үлкенді құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұдан кейін, Сауран ауданы «ОКЖ» КММ-не қарасты Қарашық ауылдық кітапханасыныдағы тағы бір мәдени кеш қазақтың көрнекті жазушысы, белгілі көркемсөз шебері Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларына арналды. Айтулы жазушының таңдамалы шығармалары қалың көпшілікке таныстырылды. Таңдамалы жинағына «Өлгендер қайтып келмейді» романы, кезінде қалың оқырман қауымның жылы бағасын алған «Қайдасың, Гауһар?», «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым — Қожа» т.б. хикаяттары еніп отыр. Сонымен бірге кітаптан автордың қаламынан шыққан бір топ әңгімелері, жазушы өмірінің әр кезеңдегі сәттерін бейнелейтін құнды фотосуреттер орын алды. Қазақ әдебиетінде айшықты із қалдырған атақты қаламгердің асқақ рух пен асыл адамгершілік қасиеттерді насихаттайтын өшпес туындылары рухани игілікке айналып халқымен бірге жасап келеді. Атақты жазушының «Менің атым – Қожа» романының негізінде көркем филльм де түсірілген. Әлі күнге дейін құндылығын жоймаған шығармаларын оқушылар жарыса оқыды. Бұдан бөлек, Сауран аудандық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Қосқорған ауылдық кітапханасы Бақытбек Смағұлдың  үш томдық кітабының екінші томы «Паншер патшасы» атты кітабын оқуға ұсынып отыр. Аталмыш кітапхананың кітап қоры ауқымды. Сонымен қатар, оқырмандар қарасы да қалың. Ауған соғысы ардагері Бақытбек Смағұл бұл кітабында атақты «Қара майор» қан майданда от пен суды бірге кешкен батыр ағасы Борис Керімбаев туралы ой толғайды. Оның ерен ерліктеріне, еселі еңбектеріне тоқталып, батыр һәм батыл бейнесінің асқақ мүсінін сомдайды. Автор отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл биік сана, соғыс пен бейбітшілік жайында өз пайымдарын ортаға салады.Кітап көпшілік оқырманға, әскерилерге және мемлекетімізді Мәңгілік елге бастар жалынды жастарға арналған. Аты аңызға айналған Қара майор туралы қызықты етіп баяндайды. Жаулары көлеңкесінен қорыққан хас батырдың ерліктерін шынайы жеткізе білген. Тілі шұрайлы, мазмұны қызықты және тарихы құндылығы жоғары кітапты оқуға құмартушылардың қатары артып отыр. Бұдан кейін, Сауран аудандық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Қосқорған ауылдық кітапханасы қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың  көркем жинағын оқырман назарына ұсынып отыр. Азулы ақынның аталмыш жинағы — тұтас бір тарихи-мәдени дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған рухани құндылығымыз. Ақын-өз заманының ар-ожданы десек, әлемдік мәні зор, поэтикалық әсері әрқашан мөлдір Фариза Оңғарсынова жырларының өз оқырманына берері мол. Фариза ақынның  шығармаларын оқуға қызығушылардың қатары көп.