Мәдениет саласының майталмандары бас қосты

0
89

 

 

Түркістан облысында мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар ұшан теңіз. Рухани астана болған соң қай мәдени шараңыз болмасын жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізіліп жүр. Алдағы уақытта Түркістан өңірінде өтетін мәдени іс-шаралардың мазмұны артады. Бұл туралы бүгін облыстың мәдениет саласын дамытуға арналған алқа мәжілісінде талқыланды. Сондай-ақ өткен жыл есебі қорытындыланып, биылғы жоспарлар пысықталды. Келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы мен орынбасарлары, мәдениет мекемелерінің басшылары, аудан, қаладағы мәдениет бөлімдері мен мәдениет үйлерінің басшылары қатысты. Мәдениет саласында тер төгіп, бір терінің пұшпағын идеп жүрген әріптестер ортаға ой тастап, алда атқарылар шаруа жайын ақылдасты.

“Биыл Түркістан қаласы Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Сондықтан өңірдің мәдениетін дамытуға бағытталған шаралар жиі өтуі заңдылық. Облыс ауданнан құралады. Жаңашылдыққа көшетін уақыт жетті. «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламамен сыртта оқып жатқан өнерлі жастарды жұмысқа шақырыңыздар. Шалғайдағы мамандарды мәдениет орталықтарына жіберіп, тәжірибе алмасуға ықпал етіңіздер. Үйренсін. Ізденсін. Жалпы қолдау бар, енді осы бағытта бірлесе жұмыс істеп, іс-шаралардың мазмұнын арттыруға шақырамын, – деген облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.  Жиынды басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев жүргізіп отырды. Жаңа тағайындалған орынбасарларын көпке таныстырды. Басқарма басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков өз баяндамасында өткен жылдың жетістіктеріне тоқталып, алда тұрған өзекті мәселелерді ортаға салды. Айтуынша алда атқарылар шаруалар ауқымды. Оның айтуынша биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыс («Artsport» платформасы) аясындағы үйірмелер арасында алғаш рет байқау өткізілмек. Соңғы әлетте оқушылар үшін барынша жағдай жасалуда. Олар үшін тегін үйірмелер ашылып, түрлі бағытта жұмыс атқаруда. Ал оқушылар үйірмелердің арқасында өз қалаулары бойынша түрлі бағытта дамуға ден қойған. Ал туризм жөніндегі орынбасары Нұрдәулет Медеуов «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» аясында өтетін іс-шараларға тоқталды. Облыс орталығына туристерді көптеп тарту үшін бүгінде қыруар жұмыстар атқарылуда. Туристердің қызығушылығын арттыру үшін өткізілетін іс шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін таныстырды. Негізінде Түркістан облысында туристерге «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанып көрсеетерліктей жерлер жетерлік. Көркі көз тартатын тау бөктерінен бөлек, киелі орындар қаншама… Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаровтың баяндамасына аудан, қаладағы мәдениет ошақтарының жұмысы арқау болды. Соынмен қатар биылғы өтетін байқауларға талап күшейетінін, мамандардың біліктілігін көтеру бойынша бірқатар жобалар қолға алынған айта кетті. Бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов өз баяндамасында өткен жылдың есебін айта келе, бірнеше ұсынысын жеткізді. Мәдениет саласының бір пұшпағын илеп жүрген қылқалам шеберлерінің де айтар ойлары жетерлік.  Мәдениет қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарды ортаға салып, өзара пікір алмасты. Ал бейнелеу өнері музейі дайындаған кітаптың таныстырылымы алқа мәжілісін қорытындылады. Жиында көтерілген мәселелер хаттамаға түсіріліп, соның негізінде хаттамалық тапсырмалар беріледі. Олардың орындалуы қатаң қадағалауда болады.

Былтыр «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 13 мәдениет үйінің (кітапханасымен бірге) ғимаратының құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде заманауи кітапхана да бар. Ондағы кітап қоры қомақты. Сондай-ақ өткен жылы 6 ауылдық мәдениет үйінің құрылысы басталды, 2024 жылға өтпелі. Яғни, биыл ел игіліген тапсырылмақ, ауылдық жерлерде мәдени ошақтардың отын көсеп, жұмысы жанданатын болады. Олардың барлығы да жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар республикалық деңгейде атап өтілетін тұлғалардың мерейтойларын атқару бағытындағы шаралардың жоспары әзірленуде. Жоспарға сәйкес, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалық шаққа саяхат» облыстық көркем сөз оқу және театралдық қойылымдар байқауы, Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы, Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған конференциялар өтеді. Оған алыс та жақын шетелдерден арнайы қонақтар келетін болады.

Биыл сондай-ақ облыстық «Балтаңдай», республикалық «Түркістан дауысы», «Өнерлі өлке» өнер фестивалі дәстүрлі форматта өткізіледі. Халықаралық «Voice of Turan» байқауы биыл да ерекше ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Түркі Мемлекеттері би ұжымдарының арасында «Би өнері» халықаралық өнер фестивалі өткізіледі. Халықаралық дәрежеде болған соң оларды биік дәрежеде өткізуге күш салынбақ. Одан бөлек, басқарма, аудан, қалалардың жоспарына сәйкес, 70-ке жуық мәдени-танымдық шаралар өтпек.

Айта кетейік, өңірде 689 мәдени мекемелер бар. Оның ішінде 2 концерттік ұйым, 24 музей, 398 кітапхана бар. Өткен жылы облыстың мәдениет саласын дамытудың арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Ол бойынша бүгінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мәдени дамуды ілгерілету бағытындағы жұмыстар осы жоспар аясында жүзеге асуда. Түркістанның басты құндылықтарын негізге ала отырып дайындалған құжатта мәдениет мекемелерінің жай-күйін жақсарту, мәдениет саласындағы кадр тапшылығын шешу және шығармашылық адамдарына қолдау көрсету бағыттары қамтылған. Осылайша мәдениет саласының көсегесін көгертуге барынша күш салынбақ. Оған бүгінгі күннен бастап ауқымды жобалар қолға алынған. Ойдағыдай, жоғары дәрежеде өткізу білікті мамандардың қолында. Күнгейдің мәдениетінің тізгінін ұстағандар ол үшін барынша күш саламыз деп отыр. Талай шараларды абыроймен атқарып жүрген мәдениеттің майталман мамандары жұмылған жұдырықтай іске кіріспек.