Алтын көпірге келушілер көп

0
74

 

 

Түркістан облыстық музейінің Тұрар Рысқұлов филиалы ұдайы мәдени шаралар ұйымдастырып тұрады. Түрлі мекемелер мен мектеп оқушылары музейге экскурсия жасап, тарихмен танысып, өткен шаққа саяхаттап қайтады. Өткен тарихсыз бүгін жоқ. Оқушылар қазақ елінің тарихымен терең танысу үшін музейге саяхат жасауды жөн көреді. Расында да Музей өткен шақ пен қазіргі заманды байланыстыратын алтын көпір. Музей жәдігерлердің тарихын бір хронологиялық жүйеге келтіре отырып, тұтас бейнелейтін орталық.

Әрине, келушілердің қызығып, таңданыспен тамашалайтын жәдігерлері ата-бабамыздың тұрмыста қолданған, түп нұсқадағы тастан, теріден, ағаштан жасалған бұйымдары.

Музей қорындағы осындай құнды жәдігерлердің бірі ата-бабамыздың тұрмыста қолданған тас қол диірмені. Өткен ғасырларда қол диірменді ауылдарда, әр үйде кездестіруге болатын. Қазіргі кезде қол диірмені музей жәдігеріне айналған.

Музейдегі құнды жәдігерлерді насихаттау мақсатында бугін келушілерге «Тас диірмен» атты лекция оқылып, жәдігердің тарихымен, қыр-сырымен танысты. Лекция соңында оқушыларға жалпы шолу экскурсиясы жургізілді. Бұдан кейін, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Экспозиция және көрмелік қамтамасыз ету бөлімі қызметкерлерінің сәулетші Б.Әшірбаевтың 70 жылдығына орай жинақтаған жәдігерлерді қор бөліміне зерттеп өткізді. Бүгінгі құнды дүние ертеңгі тарихи жәдігер. Сондықтан да оның тарихы жазылып, зерттеу жүргізіліп, музей қорының төрінен орын алады. Бұдан бөлек музей қызметкерлері ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Мәселен, Түлкібас ауданындағы ортағасырлық қалашықтар бойынша зертеу жүргізіп, келушілердің назарына ұсынады. Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында тарихи орындар жетерлік. Соның бірі де бірегейі  Тақиялытөбе қалашығы. Ол  – VIII-XII ғасырларда «Алаңды төбе» Шақпақ баба ауылынан 4 шақырым оңтүстік-шығыста, тереңдігі 10-15 метр, ені 30-45 метр келетін екі сайдың ортасындағы тегіс жерде орналасқан. 2003 жылы ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) ашып, зерттеген. Ескерткіштің үстінде XX ғасырдағы зираты бар алаңның батыс, оңтүстік және шығыс жиектерінде ескі арықтың ізі сақталған. Алаңның оңтүстік бөлігіне салынған көлемі 6х1 метр қазба табиғи жерге (1,1 метр) дейін қазылды. Қазбадан табылған ыдыс сынықтары аз, олардың қатарында шарықта жасалған құмның, су тасуға арналған көзенің сынығы бар.

Елтайтөбе қалашығы – X-XVII ғғ. Ауылдың оңтүстік-батысында, Қарабастау өзенінің сол жағалық аллювиальды жарқабағына орналасқан. 1981 жылдары Шымкент пединституты экспедициясының археологиялық тобы (А.Н.Подушкин) ашып, зерттеген. Ескерткіш үш бөліктен тұрады: оңтүстік солтүстікке қарай созылып жатыр, оның шығыс жағы тік болып келген, батыс, солтүстік және оңтүстік жақтарын қоршап жатқан ордың ені 15-20 метр, оның екі тармағы Қарабастау өзенімен жалғасқан. Ескерткіштен тимуридтер кезеңінің бояулы, бояусыз ыдыстары (құм, асханалық құтылар, табақ, кесе) табылды. Қазба жүргізілген жоқ. Азаттықтөбе қалашығы – VIII-XI ғғ. Азаттық ауылының шығыс шетінде, Арыс өзенінің сол жағасында, Құлан өзенінің құяр жерінің қарсысында, бұлақтардың ортасында орналасқан. 2002 жылдары ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) географиялық координаттарын анықтап, суретке түсіріп, ыдыс сынықтарын жинаған. Қаланың үстіндегі зираттардан, төңірегінен табылған бояулы, бояусыз ыдыстар негізінде қарлұқ-қарахан (VIII-XI ғасырлардағы) кезеңі. Төрткүлтөбе қалашығы – 8-12 ғасырлардағы Шарапкент ауылының батыс шетінде, Балықты өзенінің сол жағасында, оның Арыс өзеніне құяр жерінен 0,8 шақырым шығыста орналасқан. 1914 жылы Төрткүлтөбе туралы В.Городцкий жазған. 1940 жылы Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (Г.И.Пацевич) қаланың жобасын түсіріп, зерттеген. 1982 жылы Шымкент пединституты экспедициясының археологиялық тобы, 1997 жылы ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) Төрткүлтөбеде болып, зерттеген. 2002 жылы ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) қаланың құрылымын зерттеп, цитадельде (қазба 1, кесік) және Шахристаннан оңтүстік-шығыста 50 метр жерде қазба (қазба 2) жүргізген. 2002 жылы Төрткүлтөбе қаласында жүргізілген қазба кезінде табылған заттардың маңызы ерекше, олардың қатарында: әртүрлі үлгідегі бояулы, бояусыз ыдыстар (әсіресе құмдар мен құмшалардың бірнеше үлгісі көңіл аударарлық); тастан жасалған ладье тәрізді дән үккіштер, қол диірмендер, диірмен тастар, ою-өрнекті және эпиграфиялық жазу бар тас келілер, келсаптар және қалашықтың бұзылған бөліктерінен табылған астаулар, салтанатты сарайлардың ұстындары, ұстынның тұғыры бар. Төрткүлтөбеден табылған осындай заттар, ауыл тұрғындарында және Шарапкент, Балықты ауылдарының мектептеріндегі музейлерде сақталған. Осы үлгідегі заттар Оңтүстік Қазақстанның басқа ортағасырлық қалаларында кездеспеген, соған қарағанда, бұл қала кезінде ірі Оңтүстік Қазақстанның (шығыс бөлігіндегі) саяси, экономикалық және мәдени орталық болса керек. Керейт қалашығы – VI-X ғасырлардағы Арыс өзенінің оң жағасындағы Ақтас бұлағының сол жағасында орналасқан. 1981 жылы Шымкент пединституты экспедициясының археологиялық тобы (А.Н.Подушкин) ашып, зерттеген. 2002 жылы ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) географиялық координаттарын анықтап, суретке түсірген. Қалашықтан жиналған ыдыстардың қатарында әртүрлі мақсатқа пайдаланылған ыдыстар (құм, құмша, су тасуға арналған көзелер, ас әзірлеуге арналған және асханалық құтылар) бар. Ыдыстардың сыртында саусақпен қысып салынған іздер, ыдысты күйдіргенге дейін сызған сызықтар, әртүрлі ангоб (сұрғылт, қоңыр) жағылған және шарық бедері бар. Қазба жүргізілмеген.

Музейге келген Б.Садыков мектебінің оқушыларына «Түлкібас ауданындағы орта ғасырлық қалашықтар» тақырыбында лекция оқылып, соңында жалпы шолу экскурсиясы жүргізілді.

Лекция мақсаты: Музейге келушілерге ауданның тарихымен таныстыру және көне заман жәдігерлерімен таныстырып, аудан тарихына қызығушылықтарын арттыру.