БИЫЛ ЖЕТПІС МЫҢ БАЛА ЛАГЕРДЕ ДЕМАЛАДЫ

0
235

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында жалпы 70 мың бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады деп жоспарланған. Оның 50 мыңы бюджет есебінен болса, 20 мыңы ата-ана есебінен жіберіледі. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Түркістан облысындағы жазғы сауықтыру лагерлері бірінші ауысымда 2464 бала демалып сауығып оралды. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі лагерлерде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын оқушылар Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылды. Жаз айларында 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.
Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетуде. Оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 22-сі –жекеменшік. Олардың қатарында Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан», «Көктөбе-1», «Көктөбе-2», «Қуаныш», «DELVE CAMP», Төлеби ауданындағы «Көктөбе», «Қуаныш», Сайрам ауданындағы «Болашақ», Мақтаарал ауданындағы «Толағай», Шымкент қаласындағы «Гавая» лагерлері, Бәйдібек ауданындағы «Тау шыңы», Кентау қаласындағы «Urker», Төлеби ауданындағы «Алатау», «Изуми тау», «Тау шыңы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауыл лагері», «Бәйшешек», «Айнабұлақ», Түлкібас ауданында «Отырар», «Лок-Машат», «Арман», Қазығұрт ауданында «Тұрбаза-Қазығұрт», «Мейіржан», Сарыағашта «Балдаурен», Сауран ауданында «Балауса» лагерлері. Бұған қоса барлық аудандық, қалалық білім бөлімдеріне қарасты мектептерде бір мезгілгі тамақпен 53 мың бала сауықтырылуда.
Биыл балаларды қорғау және оларға қамқорлық жасау бағытындағы шаралардың бірі ретінде Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылдық округіндегі отбасы үлгісінде жұмыс жасайтын балалар үйі жанынан лагерь ашылды. Демалыс аймағына «Төлеби нұры» атауы берілді. Пайдалануға берілген 60 орындық шағын лагерьде балалардың сапалы демалуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Биыл балалар үйінің ашылғанына тоқсан бес жыл толып отыр. Бүгінде мұнда 70-ке жуық жас өскін бір үйдің баласындай күн кешіп, тәрбиемен қамтылуда.
Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь және 648 ойын алаңшасы балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысуда. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істеуде. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылған.