ДЕМАЛУМЕН БІРГЕ БІЛІМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТУДЕ

Облыс аумағында балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты өткізу мақсатында жазғы лагерьлер қызмет көрсетуде. Биылғы жылы Бәйдібек ауданында «Тау шыңы» демалыс лагеріне 1000 балаға, қала сыртындағы лагерлерге 1001 балаға жолдама берілген болатын. Сонымен қоса, қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан бөлінген жолдамамен аудандағы 81 бала Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда.
Жазғы лагерлерде оқушылар демалумен қатар, білім көкжиектерін кеңейтіп, шығармашылыққа бейімделетін болады. Ұстаздар жоспарға сәйкес топтармен жұмыс жасап, балалардың шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамытуға, адам бойындағы жақсы қасиеттерге жақын болып, жаман қасиеттерден аулақ болуға бағытталған әр түрлі тақырыптарда жарыстар мен ойындар ұйымдастыруда.
Осы орайда, Сарыағашта тағы бір жазғы лагерь балалар үшін есігін айқара ашты. Айта кетейік, аудан бойынша жазғы лагерьлерге 2100-ға жуық балаға жолдама беру жоспарлануда. Оның ішінде, аз қамтамасыз етілген отбасынан 1160, көпбалалы отбасынан 800, тұл жетім – 40, жартылай жетім – 50, үздік 150 оқушы бар. Жазғы маусымдық демалу ұзақтығы – 10 күн. 11 маусымынан бастап 23 тамызға дейін 7 ауысымды демалыс жоспарланған. Аталған орталықта балалар іс-шара жоспарына сәйкес демалады. Таңертең таңғы жаттығудан басталып, күні бойы түрлі үйірмелер, байқаулар, спорттық жарыстар, ойындар мен би кештері ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, демалушылар 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.