ДІНИ СЕМИНАРДА НАҚТЫ ШАРАЛАР ҰСЫНЫЛДЫ -2

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі діндерді ұстанып, соларды насихаттап, бөгде. Бұра тартушы діндерден халықты сақтандырып келеді. Ал діни ғалымдар мен дін зерттеушілері болса әсіредіни көзқарастары бар топтарды әшкерелеп, жұртшылықтың одан бойын аулақ салуына көмектесуде.
Түркістанда дінтанушы-теологтардың біліктілігін көтеруге бағытталған семинар өткізілді. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында ДДА жақтастарымен жұмыс жүргізеді. Шараға қала, аудан ішкі саясат бөлімдерінің дін саласындағы жауапты мамандары қатысты.
Облыстың дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ұйымдастырған семинарда қазіргі қоғамның діни саласында кездесетін негізгі проблемалар мен міндеттері терең жан-жақты қарастырылды. Халықтың діни сауаттылық деңгейін арттыруға, діни ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейтуге, сондай-ақ радикалды идеялардың ықпалына түскен тұлғаларды оңалту бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған нақты шаралар ұсынылды.
Семинарға спикер ретінде «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Нұржан Стамбакиев, Қызылорда облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Сәкен Алдашбаев, «Ақниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығының Шымкент қаласы бойынша басшысы Дәлелхан Оспанов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар» факультетінің декан орынбасары, психолог Динара Жарқынбаева шақырылған.
Семинарда дін саласындағы көптеген мәселелерді қаузап, діни экстремизм мен теріс бағыттардан халықты сақтандыру, дұрыс дінді насихаттау жайы қарастырылды.