АБАЙЛЫҚТАР АЙТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЛҒА АЛЫНУДА

0
59

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деп жергілікті мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы жауапкершілігін атап өтті.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра отырып билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту, халықпен тығыз байланыс орнатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу мақсатындағы Жетісай ауданы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі бекітілген кестеге сәйкес Абай ауылдық округінен басталды.

Аталмыш басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен Жетісай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Серік Жасұзақов, бөлімдер мен білім, денсаулық сақтау салаларының басшылары қатысты.

Кездесуді жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстардың барысын баяндаумен, алдағы атқарылар істердің жоспарларын таныстырумен бастаған Серік Үсенұлы осы жылдың бірінші жартысында өткен кездесуде округ тұрғындары көтерген 7 мәселенің орындалуына тоқталды.

Айтылған өтініштердің ішінде Жүзімдік елді мекенінің ауызсу мұнарасы ауыстырылып, аталмыш елді мекенде орналасқан аллея ішінен балалар ойын алаңшасын салу мәселесі бойынша жергілікті бюджеттен 6,6 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізген аудан басшысы спорт алаңшасын салу үшін бос жер телімінің анықталып жатқанын, №55 «Жеңістің 50 жылдығы» мектебінің ескі ғимаратының орнынан 200 орындық жаңа мектеп ғимаратын салу, Алтын кемер ауылын газдандыруға қаржы бөлу, Алтын кемер ауылына кіре беріс жолды орта жөндеуден өткізу мәселелері бойынша да тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Сонымен қатар, биылғы жылы Абай ауылдық округіндегі ішкі жолдардың сапасын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 237 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 6,6 шақырымды құрайтын Халықтар достығы елді мекенінің Достық көшесіне, Бейбітшілік елді мекенінің Ғ.Мүсірепов көшесіне, Отан елді мекенінің Ә.Молдағұлова, М.Шоқай көшелеріне, Жүзімдік елді мекенінің Уммаев көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, Халықтар достығы елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін бөлінген 490 млн теңгеге «RemStroi» ЖШС мердігер мекемесі тиісті құрылыс жұмыстарын бастаған.

Атқарылған және атқарылар істердің жоспарлары бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірген тұрғындардың сұрақтарына жауап берген аудан әкімі кездесуден соң азаматтарға жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Есептік кездесуден соң аудан басшысы тұрғындардың айтқан өтініштері бойынша спорт зал салуға ұсынылған жер мен жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, жұмыстарды мүмкіндігінше тездетіп аяқтауды, сапасына назар аударуды тапсырды.