ҚАЛА ӘКІМІ ПРОБЛЕМА БОЛСА ҚАЗІРДЕН АЛДЫН АЛУДЫ ТАПСЫРДЫ

Еліміз бойынша әртүрлі географиялық аймақтарда ауа райы да түрліше болатынына қарамастан әр жылы қысқы жылыту маусымына дайындық жаздың алғашқы айынан басталып кетеді. Содан жоспарланған жұмыстар күздің ортасына қарай бітіп, қысқы жылыту маусымына дайындық негізінен аяқталып жатады. Оған қоса күздің қалай басталуы мен жауын-шашынның де күтпеген жағдайлар тудыруынан сақтанбаса болмайды. Сондықтан да Түркістан облысында күзгі жауын-шашын, қысқы жылыту маусымына дайындықты облыс әкімі, қала, аудан әкімдері назарында ұстап отыр.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кезекті лездемелік мәжілісте жауын-шашыннан туындауы мүмкін мәселелер мен жылыту маусымына дайындық жұмыстары сараланды.
Соңғы үш жылда Түркістанда жаңбыр суы жиналатын орындарды зерделеу нәтижесінде көлік қатынасына және жаяулар үшін кедергі келтіретін 109 жер қазылып, дренаж орнатылған. Сонымен қатар, қажеттілігіне қарай жол жиектеріне қосымша құбырлар көмілген.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жауаптыларға ендігі кезекте жаңа қоныстанған аймақтарды тұрақты бақылауға алып, ықтималдығын ескере отырып тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Жылыту маусымына дайындық барысын “Жылу” мекемесінің басшысы Ерғазы Рысбеков баяндап, жылу жүйесінің магистралды және ішкіорамдық құбырларын сәуір айында қысымдап, шаю жұмыстарын толық аяқтағанын мәлімдеді.
Орталық қазандық және модульді 17 қазандық арқылы қаламыздағы І-ІІ мөлтек аудандарында 75, Отырар мөлтек ауданында 46 және Әкімшілік іскерлік орталығында 98 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген.
Шаһар басшысы пәтерлердің ішкі жүйесін қысымдап, дайындықты пысықтау үшін Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне нақты тапсырмалар жүктеді.
— Мүлік иелерінің бірлестік төрағаларымен жұмыс жасаңыздар. Бір пәтердегі ақау тұтас үйдегі жүйеге зардабын тигізеді. Тұрғындар жылыту маусымына жауапкершілікпен дайындалғаны жөн. Туындауы мүмкін деген проблемалар болса, осы кезден айтыңыздар, ертең зардабымен алыспай, бүгін алдын алуға жұмылайық, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Мәжіліс нәтижесінде тапсырмалар нақтыланып, жауаптылар бекітілді.
Сондай-ақ, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков О.Жарылқапов пен Қазыбек би көшелерін жалғайтын кең жолақты көшенің құрылысы жүріп жатқан нысан басына барып, мердігерлермен кездесті. Облыс орталығындағы кең жолақты көшелер санын арттыру — көлік қозғалысын жүйелеуді көздейді.
Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығындағы жол іске қосылғанда Кентау бағытынан келетін көліктерге қосымша айналма жол ретінде қызмет етеді, Қазыбек би көшесінде кептелістің алдын-алып, жол жүктемесін азайтады.
Көше 4 жолақты болады. Сонымен қатар, жол жиегі аяқжолмен, суағар науамен қамтылады. Нысанды толық аяқтап тапсыру 2025 жылға жоспарланған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тиісті мекеме басшыларына электр бағаналары мен трансформаторларды ауыстыру бойынша тапсырма беріп, мердігерге инженерлік жүйелердің сақталуын қамтамасыз етуді ескертті.
Шаһар басшысы Тоған және М.Әбенова көшелерінің аралығын қосу құрылысын да тексерді. Жүргізушілер ендігі кезекте қауіпті бұрылыстан арылып, М.Әбенова көшесіне кедергісіз шығу мүмкіндігін иеленбек.
Қазіргі таңда жол негізі әзірленуде. 2 жолақты жолға асфальт төселіп, жаяулар үшін аяқжол салынады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы Әкімшілік іскерлік орталығы аумағындағы кемшіліктерді жою бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын бақылады. 9-11 көшелерді жаяу аралап, бекітілімге сәйкес бөлім басшыларының атқарған жұмыстарының есебін алды.
Аралау барысында кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбеттері мен жарнамаларын реттеу, сәулеттік жобасын сәйкестендіру мәселелері сараланды.
Әкімшілік іскерлік орталығы аумағындағы бүлінген аяқжолдар, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы фасады тапсырмаға сәйкес реттелуде.